Сот мәжілісінің хатшысы және оның сот жүйесіндегі орны
Судьялардың қызметін қамтамасыз етуде маңызды рөлді сот мәжілісінің хатшысы атқарады. Сот мәжілісінің хатшысы лауазымына жоғары білімі бар адам тағайындалады.Сот мәжілісінің хатшысы еңбек пен атқару тәртібін бұзғаны және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтамағаны үшін, өзінің қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, ішкі еңбек тәртібінің ережесін, қауіпсіздік техникасы мен өрт сөндіру қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ заңға қарсы өзге де әрекеттер жасағаны (әрекетсіздігі) үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауапкершілікте болады.
Сот мәжілісі хатшыларының жұмысы сырт көзге қарапайым әрі оңай көрінуі мүмкін. Бір қарағанда сот мәжілісінің хатшылары тараптардың жауаптарын қағазға түсіріп, хаттама жасап, іс құжаттарын реттеп отыратын жай ғана маман сияқты. Алайда, сотта қаралатын кез-келген істің өзіндік қиындықтарымен қатар істі өндіріске дайындау сатылары болады. Сот мәжілісі хатшысының жұмысы күрделі, көп салалы, сөйте тұра қызықты да.
Бұрын құжат айналымы, хаттамаларды толтыру қолмен рәсімделіп, кейіннен жазу машинкасында терілетін болса, бүгінде бұл жұмыста ілгерілеу бар, қазір сот мәжілісінің барысы аудио-, бейне жазба арқылы жазылып дайындалады.
Судьяның уақытты тиімді пайдаланып, өнімді жұмыс жасауы сот мәжілісі хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметкер мәртебесін қолдап отыру үшін барлық мемлекеттік қызметкерлерге сияқты сот мәжілісінің хатшыларына да қойылатын талаптар әрдайым жоғарылап отырады. Соттың іс жүргізуге қатысты ішкі тәртіптері де ішінара өзгеріп отырады. Десек те сот мәжілісінің хатшылары өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарауы қажет.
Сот мәжілісінің хатшысы сот мәжілісі хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшін дербес жауап береді. Дұрыс емес не шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді сот мәжілісінің хаттамасына қасақана енгізген жағдайда хатшы заңда көзделгендей жауапты болады.
Сот мәжілісінің хатшысы сот жүйесінде маңызды орын екендігіне талас жоқ.
Сален Нилуфар Сакенқызы,
Арыс аудандық сотының бас маман-сот мәжілісінің хатшысы.