СӨЗ АТАСЫН ӨЛТІРУГЕ ЕШКІМНІҢ ДЕ ХАҚЫСЫ ЖОҚ

ИСРАИЛ САПАРБАЙ

Рухымызды өлтіріп алмайық. Ол өлсе  – тірі өлікке айналғанымыз. Тірі өліктің мекені Жер емес, көр!..

*   *   *

Бір жағы – ұсақ, күйкі пенделік психология, екінші жағы – менмендік, өзімшілдік, тоғышарлық, мәңгүрттік ауру меңдеген ортадан нені күтуге болады? Әрине, әрісі азғындықты, берісі тозғындықты!

*   *   *

Ешкімнің де ақымақ болғысы жоқ. Алайда ақыл айтқанның бәрі асып туған ақылман емес. Жұрттың көбі жасырып айтқаныңды қайдам, асырып айтқаныңа кәдімгідей сенеді. Дұрысы, өзін сендіреді. Бір емес, екі емес, күніне әлденеше мәрте мақтай берген соң сезімнен сергектік қашады, ұятты ұйқы басады. Осыдан келіп данышпандықтан дәмегөйлер данагөйдің шекпенін киіп, шенін тағып, шіреніп шыға келеді.

Әр дәмегөйдің жанында он-ондап жағымпаздар мен екіншісінің азан шақырып қойған аты “Құп болады”, одан кейінгілері Құлдық, Жантық, Тантық… болып кете береді.

Дәмегөйлер көбейген сайын анадан арда туған “Дара дананың” күні қараң бола бастайды. Өзін адамға да, қоғамға да керексіз сезінетін жанның қасіретін Құдайым еш пендесіне енші етпей-ақ қойсын.

*   *   *

Жер – адамның игілігі болғанмен, Алланың иелігі екенін аз күнде ада-күде ұмытып шыға келдік. Осыншама азғындайтындай, Құдай-ау, бізге не көрінді?

*   *   *

Сөз – жанның тілі, ән – жүректің мұңы, тіл – рухтың үні. Жан кеудеден ұшқанда сөз өледі. Мұңның аясында сағыныш, аңсау, уайым, қаяу, қайғы, зар бар. Мұны жеткізе алмаған ән жүректі қаппайды, есте қалмайды, ескен желдей өте шығады. Құлақта тек ызыңы қалады. Ал рухтың жөні басқа! Өз тілінде сөйлей алмаған адам – рухани әлжуаз, мүгедек, міскін, бейшара.

*   *   *

Қазақта “Арам жеген төбеттей” деген сөз тіркесі бар. Қазіргі жемқорлар мен жалмауыздар тұп-тура сол Төбеттің өзі. Сірә, төбедей етті жұмырына жұқ көрмей жұта берген соң солай аталып кеткен болар.

Ия, ит азғыны – төбет. Бала кезімізде күшала жеп өлген талай төбетті көргенбіз. Ине жұтып ирелеңдеп бүгіліп, қиралаңдап қисайып, қинала жан тапсырғандары да аз болмаған. Соның бәрі тәбетін тыя алмаудың кесірі мен кесапаты. Төбет, Төбет… Қызық екен…

*   *   *

“Рахымсыз жыртқыштан, әділетсіз әкімнен, ұятсыз ұрғашыдан сақтан” деген екен ежелгілер. Енді біз оған “тойымсыз тоғышардан, тобасыз тоңмойыннан, жетесіз жемқордан, дүмбілез дүниеқоңыздан, қайырымсыз қалталыдан, бейопа байдан, бейдауа бишікештен сақтан…” деген сүйкімсіз сөздерді қосуға мәжбүрміз.

*   *   *

“Мен талантты қазақ емеспін, талапты қазақтың бірімін…”. Мұны кім айтты деп ойлайсыз? Баукең. Иә, кәдімгі қаһарман десе – қаһарман, қаһарлы десе қаһарлы Бауыржан Момышұлы!

Үлкен жүрек иесінен ғана ұлағатты сөз шығады. Ұлық болсаң – кішік бол. Кішірейгеннен кісілігіңе кір жұқпақ емес, керісінше кішіпейілділігіңе ел сүйсінеді.

Осы Баукең өле-өлгенше “менің халқым” немесе “менің қазағым” деп өзеуремепті, өрекпімепті, өңештенбепті.

Халқының, қазағының ар-намысына қылдай қиянат тұрмақ, қылау түсірмеген, жанпида қызмет еткен батырдың біз білетін бір өнегесі осы. Менің халқым деп хан, патша ғана айтса жарасар. Онда да сол алдиярыңыз алдымен өз халқына қалтқысыз қызмет етсін! Әйтпесе, айттың не, айт­падың не! Сөз атасын өлтіруге ешкімнің де хақысы жоқ.

Өкініштісі сол, бесіктен белін босата салысымен “менің халқым” немесе “халқым-ау!” деп өңмеңдейтіндер көбейіп барады. “Айналайын, ақ патшам” да соның бір кері. Әдеп деген болады. Талантты халықтың өзі-ақ танып, біліп алады. Талапты болғанға не жетсін?

*   *   *

Батыстың бізге көрінбейтін көсемі – Демократия. Орыстың рухани пірі – Бірінші Петр. Түрік туыстардың ту ұстары – Ататүрік. Иранның имамы да, иманы да – Аятолла Хомейни. Өзбек ағайындардың да Әмір Темірі ат үстінде. Бізге де бір Темірқазық керек-ау!

*   *   *

Құл пұлға емес, пұл құлға құлдық ұрып қызмет етпейінше Құдай берген өнердің  құны жұрт алдында құлдырағаны құлдыраған.

Кеңпейілділік пен кешірімділік кемелдігіміздің белгісі емес пе еді, “бас-басымызға би болғымыз” кеп тұратын кеселімізден құлан-таза айығатын күн қайда? Неге би екеу болғанда дау төртеу болмақшы? Дауласпаудың, жауласпаудың амалы бар ма?

*   *   *

Ұрығы семген, ұнжырғасы түскен елдің ертеңі көрінген көк аттының ермегіне айналады. Бүгінгі бейжайлығымыз осы бей-берекеттіктің басы болмағай…

*   *   *

Басына қиын-қыстау іс түссе болды, ел-жұрт еріксіз екіге бөлініп кетеді. Бірі – нақұрыс пен надан. Ішінен іріп, ішімдікке салынады. Екіншісі – естісі мен ересегі. Дінге ділін аударып, ділмарлық жолға түседі.

Рушылдықтың түп-тамырына дейін құлдырап, үшжүзділіктің (екіжүзділіктен Құдай сақтасын) ұшар басына шыққан қазақ қазір осылайша екіге айырылу кезеңін басынан кешіріп жатыр. Алғашқысы азғындық жолдағы, кейінгісі аз күндік алданыш. Әйтпесе, қазақ діншіл болса, бұрын қайда жүрген? Кім біліпті, ертең қарнымыз тойып, қалтамыз томпайып қаз қалпымызға қайта келгендей болсақ, Алла жолынан айнып шыға келмесімізді?… Барынша әсірешіл (әсершіл емес), әулекі, әпербақан, қит етсе Құдайды қарғап-сілеп шыға келетін қазақтың, басқасын қайдам, бұл қолынан әбден-ақ келеді!

Ал, ішімдік пе? Ол – талғам­сыз, тәбетшіл жұрттың обырына орыстан жұққан оба ғой.

*   *   *

Қайсыбірде кінә мен кү-­нәнің ара-жігін ажырата алмай жатамыз. Кі­нәліні     кешіруге болады, ал күнәліні… Ілуде біреуі болса да назарға ілер деген үмітпен мұсылманшылық ұғымдағы ең ауыр күнәға жататын жайттарды жіпке тізуді мінәжіп көрдік:

– Алла Тағала атына кір жағып, күмән келтіру.

– Адам өлтіру.

– Майдан (ұрыс-соғыс) алаңын тастай қашу.

– Ақ-адал ұрғашыны жезөкше деп күстаналау.

– Арам жолмен ақша табу, дүние-мал жинау.

– Жетім-жесірдің несібесін жеу.

– Адамның арына тию, кемсіту.

– Ата-анаға жәбір-жапа көрсету.

*   *   *

Өтпейтін нәрсе көбейген сайын құнсызданады. Жетпейтін нәрсе азайған сайын қымбаттайды. Біздегі өтпейтін нәрсе – Сөз. Абай айтпақшы: “Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын” болғандықтан. Нұсқалы сөз қашанда қысқа, тұспалды сөз қашанда ұзын.

Тағы бір жетпейтін нәрсе – Ұят. Ұяттың құны қазір аспандап, шығандап кетті. Жерге түспей тұр. Жерге  түссе, бәлкім, қолмен ұстап, көзбен көрер ме едік. Көріп қана қоймай: “Үйбүй-ай, мынау, кәдімгі, өзіміздің Ұятымыз екен ғой, мұнсыз қалай өмір кешіп келгенбіз, ұят-ай?…” деп Тәңірімізді танып, тәубамызға келер ме едік. Әй, қайдам, кетіп қалдық-ау біраз жерге… ұятсыз…

*   *   *

Менің аңғаруымша, Алланың ең жек көретіні – астамшылдық. “Ұлық болсаң, кішік бол” деген ғибратпен қоса кейде: “Мынау Құдайын ұмытқан екен” деген ренішті де естіп қаламыз. Бірі – ырзалық, екіншісі – наразылық.

Көкірегіне дән түскендер көбейсе, елдің бағы. Кеудесіне нан піскендер көбейсе, елдің соры. Қорықсаң, соңғысынан қорық. Осыдан Абай да қорыққан. ”Бас-басына би болған өңкей қиқым…” деп налыса, бұл – соның салқыны. Бұған Мұрат Мөңкеұлының “Мен қауіп еткеннен айтамынын” қосыңыз. “Мың асқанға бір тосқан” болса екеннің қамы бұл. Амал не, мынау жадыгөй жалған, тірнекі тіршілікте асқан да аз емес, тасқан да табылады. Олар кеше де болған, бүгін де бар, өкінішке қарай, ертең де өркен жая бермек.

Пенде менменсіген жерден Періште қашады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.