СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ — ҚОҒАМ ДЕРТІ
Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасы бойынша кездесу өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе — аталған саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу болатын.
Іс-шараға департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары А.Бейсембаев пен жеке құрамы, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар, құрметті мемлекеттік қызметшілер, ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Қ.Анарбаев қатысты.
Кездесуде жемқорлыққа қарсы алдын алу іс-шараларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен түрлі салалар бойынша қолға алынған жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтарды таныстырып, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілгендігінен хабардар етті.
Өз кезегінде, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Аманбек Бейсембаев мекеме тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардан, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жайынан айтып өтті.
Спикерлердің айтуынша, кез келген қызметкер жемқорлықты өзінің ертеңгі ұрпағының бақытты болашағын ұрлау, елімізге жасалған опасыздық ретінде түсініп, парасаттылық қағидаларын ұстанса, мемлекетіміз болашақта жемқорлықсыз мемлекетке айналады. Осы себептен сыбайлас жемқорлықпен күресте бірлесе жұмыс жасауға әрбір қатысушы шақырылды.
Шара қорытындысымен сыбайлас жемқорлық туралы ақпараттарды хабарлаған азаматтарды көтермелеу институты жайында ақпарат беріліп, жемқорлық фактілері туралы 1424 Call-орталығына хабарлау қажеттігі де ескертілді.