СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІ ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.
Іс-шараға Кеңес төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев және Кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.
Кеңесте жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде алдын алу және қылмыстық-құқықтық сипаттағы мәселелер талқыланды.
«Біздің жұмысымызда алдын алу қағидаты басымдыққа ие. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, парасаттылық пен ашықтық қағидаттарын енгізуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға баса назар аударылуда» — деп атап өтті Т.Серікбаев.
Департамент ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Табиғи монополияларды реттеу, мәдениет, спорт және басқа да салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 10-ға жуық сыртқы талдау жүргізді.
Іс-жүзінде жоғарыда көрсетілген салалардың көпшілігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою туралы 100-ден астам ұсынымдар енгізілді.
Спикердің айтуынша, заңның үстемдігі және сыбайлас жемқорлық үшін жазалаудың бұлтартпастығы басым бағыттардың бірі болып қала береді.
«Ағымдағы жылы Департаментпен 63 қылмыс тіркелді. Тіркелген қылмыстардың басым бөлігін парақорлық (30) және жымқыру (17) фактілері құрайды» — деді Т.Серікбаев.
Салалар бойынша анықталған қылмыстардың ең көп саны құқық қорғау блогында — 13, құрылыс саласында — 12, білім – 8, денсаулық сақтау – 7, салық және жер қатынастары салаларында — 3 қылмыстан тіркелген.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін 29 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, 16 адамға қатысты сот үкімдері шықты.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылықтар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу мәселелері айтылды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.