ТАЛАНТ ПЕН ДАРЫН ТАНА СҮТІНЕН ЕМЕС, АНА СҮТІМЕН ДАРИДЫ
ШЕРХАН МҰРТАЗА
Ұрылар ұрған сайын семіреді. Жоғары лауазымды ұрылардың талайы шет елге қашып кетті. Біреуі ұсталған жоқ. Ең соңғысы Кутовой деген мәдениеттің ақшасын жеп ол кетті. Сорақысы сол, заң қызметкерлері оның қылмысын біле тұра, көз жұмды. Бытыралы мылтықпен тек торғайларды, қырғауылды, кекілікті, үйректі ғана ата аласың. Аюларға, қасқырларға бытыра батпайды.
Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүниеқоңыздық-пен, ақшамен өлшейді. Көлдің тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай.
Ал таусылмайтын байлық, ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.
Талант пен дарын тана сүтінен емес, Ана сүтімен дариды.
***
От пен судан өттім. Шыңдалдым. Саясат деген сұрқияның сұрқын көрдім. Ол кездегі редактор ұстараның жүзімен жүруі керек еді. Жүйкемді жұқартты, күш-қайратымды жеді.
Бас редактор – қоғамның бас дәрігері. Қоғам денесіне әр түрлі жара қаптаған. Оның ішінде қатерлі ісік те бар. Сол ісіктің қоясын шығарып, сылып тастауға жараса – сол Бас редактор.
***
Қазіргі Парламенттің «Мәжіліс» палатасында 77 адам бармыз. Соның тоқсан пайызға жуығы қазақтар. Ал Мәжілісте қазақша сөйлейтіні жалғыз жарым, тоқты-торым. Іштерінде қазақша таза сөйлей алатындары бар-ақ. Бірақ орысша сөйлейді. Әуелі бір-екі сөзді қазақша бастап алып, содан соң: «Бәріне түсінікті болу үшін», — дейді де, орысша гөй-гөйіне басады. Аудармашы бар. Қазақша сөйлесең, лезде сөзбе-сөз тәржімалап отыр. Жоқ, орысша соғады. «Бәріне түсінікті болу үшін». Бұл нашақорлық сияқты айығуы қиын дерт. Сонда да өзінің ана тілін қорлап отырғанын сезбейді. «Бәріне түсінікті болу үшін». Заң жүрмегеннен кейін, Конституцияның бабы іс жүзіне аспағаннан кейін, осыдан оншақты жыл бұрын беті бері қараған қазақ балаларын қайтадан орыс мектебіне қарай сүйрей бастады.
***
Адам санасын, құлқын, пейілін түзетуде біздің үкімет шөп басын сындырған жоқ. Ал оның есесін теңіздің ар жағынан, бер жағынан келгендер артығымен толтырып жатыр. Теледидар солардың қолшоқпарына айналды. Адамның адамгершілігін, пиғылын бұзатын аса қатерлі қару сол. Ұрлық пен қарлықты да, жауыздық пен жалмауыздықты да, арсыз, имансыз жәлептікті, адам өлтірудің нешеме түрлерін бесікте жатқан баладан бастап, бәрімізге үйретіп, санамызды улап жатыр, улап жатыр.
Жазда Көкшетауда, тағы бір жерлерде обыр шегіртке егінді бүлдіріп кетті. Сол шегірткелер адам санасын да бүлдіріп жатыр. Құдай біреу, Құдірет біреу, ал дін көп екен, соның өкілдері Қазақстанда қаптап жүр. Бір отбасында біреу мұсылман, біреу баптист, біреу православ, біреу бахаист, біреу ахмади, бірі иудаист, бірі кришнаит, бірі католик болатын күн жақын. Қаһарлы қантөгістер негізі сол.
***
Егемен болдық. Нарық экономикасына бет алдық. Мемлекеттің жанды-жанды буынында отырғандар қолы жетіп, өз жақындарын алдымен жарылқады. Оларға банктердің есігі ашық болды. Нәтижесінде лезде «нувориштер», яғни кенет байлар қаулап шыға келді. Бота тірсек бозбалалар үлкен-үлкен көкелерінің, апаларының арқасында тез арада ұлттық «ақсүйектерге» айналды. Осылайша «жүзден – жүйріктер, мыңнан тұлпарлар» табыла кетті.
Жалпы халық жадау қалпында қала берді.
Оның үстіне коррупция, жемқорлық жоғарыдан, тау басынан домалаған тас сияқты етекке дейін дендеп кетті. Дәніккеннен құныққан жаман. Жемқорлардың жемсауы толмайды. Қанағат жоқ. Тойымсыздық психологиясы қиын.
Бірақ дүние болғалы сол шіріген байлықты ана жайға өзімен бірге ала кеткен ешкім жоқ. Бай болсаң да өлгеннен соң басыңа алтыннан күмбез салмайды. Өйткені сен алтын емессің. Өлгеннен соң байдың да сүйегі әппақ, кедейдің де сүйегі әппақ. Әділет сонда орнайды.
Алайда тірілер мұны ойлап жатпайды.
***
Қазақтың мәйегі ауылда еді. Ауыл барда қазақ халқының нәсілі асыл еді. Сол мәйек қазір іри бастады. Американы алғаш жаулап алушылар байырғы тұрғын – үндістердің қиян-кескі қарсылығына тап болған ғой. Садақпен қаруланған үндістерді зеңбірекпен жеңе алмаған. Сонда бір сұңғыла зымиян айтты дейді: “Үндістерді жеңу үшін әуелі бизонды қырыңдар” деп. Ал Зеңгі бабаның ірі түрі – бизон үндістердің асыраушы азығы еді. Бизон жаппай қырылды – үндістер жеңілді, рухы сынды… Үндістердің қазіргі қалған-құтқан ұрпағы… оны айтпай-ақ қояйын, өте аянышты.
Ал сонау бозала таңды заманнан бері қазақты асыраған мал емес пе еді? Қазақ малдан ажырады ғой. Қолдан ажыратты.
***
Жылда 7-8 миллиард көлеміндегі игерілмей қалатын ақша қайтадан бюджетке қайтарылмайтын сияқты. Әйтеуір адам түсініп болмайды. Осы орайда, Шекспирдың даналығы еске түседі: «Қылмысты алтынмен көмкеріп қойсаң, заңның найзасы майысып қалады». Көк соққанда біздің найзаларымыз әсіресе майысқақ келе ме деп сескенемін. Неліктен? Заңның найзасы майысқақ мемлекеттің іргетасы бекем бола қояр ма екен? Өрмекшінің торына түссе, шыбын-шіркей ғана түседі. Ал ара, сона дегендер сол торды елең қылмай бұзып кете береді. Сор болғанда біздің заңның торынан үлкен шыбындар да шығып кете береді.
Жемқорлық пен парақорлық батпан құйрығы – шетелдерден алынып жатқан несие және Үкіметтен несиені миллиондап алып, бір теңге де қайтармай отырған алпауыттар. Екеуіне де Үкіметтің тікелей қатысы бар. Үкімет әлгі алпауыттарға несиені оңды-солды аямай бергенде –Атымтай жомарт. Ал, қарызды қайтар деп айтуға келгенде дәрменсіз. Неге? Алтын сауытқа оранған қылмысты заң найзасы дәл жүректен түйрейтін шақ осы. Бұл жерде майысқақ найзаны лақтырып тастаған жөн. Заң қорғаушылар дәрменсіз дегенге кім сенеді? Бірақ, осылармен пәрменді күрес жоқ.
***
Тұрар, миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген?! Әдiлет қайда, атасына нәлет! Тым болмаса моласы да жоқ. Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi. Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұловтың моласын кiм iздейдi?!
Сонда бұл дүние, өзiң бес-ақ күн қонақ болсаң, несi қызық? Қызық ету, сiрә, аса дарынды сирек адамдардың ғана қолынан келетiн болар.
Мадақтасаң да, қарғасаң да Жарық Дүние деген − осы. Жарық Дүниеге ешкім өз еркімен келмейді. Тағдыр айдап келе қалса, оған ата-анасы, жанашыр, жақындары қуанады. Шамасы келсе, тойхана жасайды. Бесік тойы, тұсаукесер тойы, тағы-тағылар өмір бойы жалғасып барып, Жаназамен тәмәм-тауыс болады.