«Талдықорған аруы» байқауына қатысқан келіншек қайтыс болды
QAZYGURT.KZ: «Талдықорған аруы — 2010» сұлулық байқауының қатысушысы, кәсіби әнші Ғалия Бөлекбаева 31 жасында ауыр дерттен қайтыс болды.
2003 жылдан бері қант диабетімен ауырған Ғалия 2015 жылы бір бүйрегін алып тастады.
Ал кейін екіншісі де сыр бере бастаған.
Өткен жылы қарашада сұлулық байқауының қатысушысыкөпшіліктен көмек сұраған болатын.
Соңғы уақытта 31 жастағы Ғалияның денсаулығы нашарлап, қозғалып-қимылдауы қиынға соққан. Ол қайтыс болар алдында екі апта бұрын жансақтау бөліміне түсіпті. Дәрігерлер донор табылғанша Ғалияны жасанды комаға енгізбек болған.
Ғалияның күйеуі бірнеше жыл бұрын бірінші отадан кейін-ақ ажырасуға арыз беріп, кетіп қалған екен. Содан бері оның қайда екені белгісіз.
Ғалия дертіне дейін кәсіби түрде ән айтып, филармонияда жұмыс істеген. Сонымен қатар «Талдықорған аруы — 2010» сұлулық байқауына қатысып, жартылай финалға дейін жеткен.
Қайғылы қазаға байланысты дәрігер-терапевт Сабина Жаңабекова да өз пікірін білдірген. «Бүгін ашық жарқын, мейірімді әрі ақкөңіл жан дүниеден озды. Оған біздің мемлекет қамтамасыз ете алмаған бүйрек қана керек еді. Мен оны 2016 жылдан бері танимын. Ол менде сол жылдан бері терапия қабылдаған. Ғалия өмірдің ауыр сынағына ұшыраса да, көңілді жүретін. Ол өмірінің соңына дейін күресті. Талдықорған аруы спортпен де айналысатын. Тек бір ғана дерттен бүйрегін алып тастауға мәжбүр болды», -деп жазған ол өз Instagram парақшасында.
АҚПАРАТ көзі: kaz.nur.kz