ТАПСЫРМАЛАР УАҚТЫЛЫ ӘРІ САПАЛЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өткен 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жайында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар жетістіктерге тоқталып, еңбек өнімділігінің елеулі өсімінің болмауының үлкен мәселе екенін және шикізаттық емес экспорт үлесінің баяу көтеріліп жатқанын айтқан болатын.

Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те жиын өткізіп, оған қала әкімдігінің аппараты, салалық басқармалар мен тиісті сала басшылары қатысты.

Мегаполис басшысы қалада бірінші кезекте шешілуі тиіс шараларды айқындап, оларды Үкіметтің жұмыс жоспарына енгізу бойынша тиісті министрліктермен жұмыс жүргізуді ұсынды.

Яғни сала басшыларына қордаланған мәселелерді шешу үшін бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Нақтылай түсер болсақ:

– Мемлекет басшысысының көлеңкелі экономикамен күресуді және қолма-қол ақшалай есеп айырысу көлемін қысқарту бойынша тапсырмасын өте тиянақты орындауды;

– Қаладағы арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың барлығына талдау жүргізіп, оның сапалы толтырылуы мен тиімді басқарылуын, тауар өндірушілердің өнімдерін жақын және алыс өңірлер мен елдерге экспортқа шығару көлемін ұлғайтуды;

– Мемлекет басшысының қымбат автокөлік пен жиһаздарды сатып алуға, әртүрлі форумдарды, семинарларды және конференцияларды өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялағанына байланысты биылға бекітілген бюджетке талдау жүргізіп, тиісті өзгертулерді енгізуді;

– Инвестициялық жобалар бойынша жол картасын әзірлеп, 1 сәуірге дейін «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай қызмет көрсету терезесін ашуды;

– Мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту үлесін ұлғайтуды және бір көзден сатып алу үлесін қысқартуды;

– Қоғамдық көлік мәселесін де дер кезінде шешуді;

– Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, масылдыққа жол бермеуді бақылауды;

– Барлық мектептер мен балабақшаларға бейнебақылау камераларын орнатуды және оқу орындарының сыртында орналасқан дәретханаларды ғимарат ішіне орналастыру жұмыстарын осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық орындауды;

– Биылғы 1 сәуірге дейін қала тұрғындарын міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандырумен 100 пайыз қамтуды;

– Тұрғындарды сапалы интернет желісімен қамтамасыз етуді және цифрландыру жұмыстарын жандандыруды міндеттеді.

Кеңес соңында қала әкімі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында барлық сала басшыларына тұрғындармен тығыз жұмыс істеуді тапсырды.

 Д.СҰЛТАН.

 

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.