Тас жұмыртқалайтын жартас
Қытайдың Гуйчжоу провинциясындағы Ганденг тауының Чан Да Я жартасы ондаған жылдардан бері геологтарға құпиясын ашпай келеді. Қазақша аудармасы «тас жұмыртқалайтын жартас» деген мағынаны беретін бұл жартастан расымен әрбір 30 жылда сырты жып-жылтыр, дөңгелек не доғал тастар бөлініп шығады.
Тастардың әрқайсысының салмағы 300 келіге дейін жетеді. Түсі қара, сары, көк түсті келеді. Геологтар олардың түсі неге әртүрлі екенін және тіпті жалпы бұл құбылыстың сырын әлі күнге шеше алар емес.
Ғажайып жартас бүгінде туристердің зиярат ету орнына айналған. Олардың арасында келесі тастың «пісіп», жерге түсуін күтіп жүргендер де баршылық. Жергілікті тұрғындар мұндай тастардың үйге бақ-береке әкелетініне сенімді.