«ТАЗА ДІНДІ» ҰСТАНАМЫН ДЕП ТҰЗАҚҚА ТҮСТІМ
Мен Батыс Қазақстан, нақтырақ айтқанда Атырау облысының тумасымын. Балалық шағымда мектепті сол өңірде тәмамдадым. Мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе мұнай-газ колледжіне оқуға түстім. 2007 жылы сол колледжді қызыл дипломмен бітірдім. Оқуымды бітірген соң алған білімімді жоғарылату мақсатында Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетке Мұнай-газ ісі факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқуымды 2010 жылы бітіріп, инженер мамандығымен диплом алдым.
2009 жыл. Қасымда жүрген бала намаз оқитын. Ол Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын. Мен де соған қарап намаз оқи бастадым. 2 ай Әбу Ханифа мәзһабымен намаз оқыдым. Мешіттерге барып намаз оқып жүрдім. Мешіт имамдарынан “Құран оқып үйренейік” сабағына қатысып, тәжуид ілімін бітіріп шықтым. Сол жылдары мешітке жастардың келуі өте көп болатын. Әркім өз білгенінше намаз оқып жататын. Мешітке барғаннан кейін намазхандармен танысып, имандасып, солардың айтқанын тыңдап, мен де солар сияқты намаз оқи бастадым. Сол жылдары мешіт имамдарының ілімі таяз болды ма, ешкім оларды тыңдамайтын. Олар да ештеңе айта алмайтын. “Имамдар бидғатшылар, мынау ширк, мынау күфр” деп ажырата бастадым. Үйде әке-шешем мен ағайындармен келіспеушіліктер бола бастады. “Мынау арам, ширк” деген әңгімелер болды. Мен олармен келіспей, үйден кетіп қалдым. Яғни пәтер жалдап тұрдым. Сол жүргенде шетелден оқып келген қазақ азаматтарынан сабақ ала бастадым, яғни «Үш негіз», «Қырық хадис». 2012 жылы маған бір ой келіп, ілімімді Египетке барып жалғастырсам дедім.
Сол жылдары Теңіз кен орнында Америкалық мұнай-газ компаниясында жақсы қызметте едім. Осы жұмысқа мені әкем 2010 жылы оқу бітіргеннен кейін кіргізген болатын. 2012 жылы жаз айында өз еркіммен жұмыстан шығып, астымдағы көлігімді сатып, Египетке араб тілін алам деп оқуға кеттім. Оқу кезінде басқа ұлт азаматтарымен араласып, олар маған Сирияға бару жөнінде үгіт-насихат жүргізе бастады. Әрбір мұсылманның парызы екенін, Сирия мұсылман халқына көмектесу керек екендігін айтты. Менің ойымда ештеңе жоқ, ілімім де таяз болғандықтан дәл солай болу керек деп білдім. Сол азаматтар 2013 жылы Сирия еліне мені өз қалталарынан ақша шығарып жіберді. Мен ойладым, шын мәнінде бұл Ислам, шариғат деп қалай кіргенімді өзім білмей қалдым.
2017 жылы мен ДАИШ-тың идеологиясын қолдаудан бас тарттым. Себебі мен мұндағы болып жатқан соғыстың Исламға ешқандай қатысты жоқ екеніне көзім жетті. Адамдарды қинауы, Құрбан айт кезінде адамдарды малша бауыздауы, әйел-қыз келіншектердің абыройын, ар-намысын таптауы, адамдарды өз-өзін жаруға үгіттеуі, өздерінен басқа барлық адамдарды күпірлікпен айыптауы. Осыларды көріп мен олардан қашып шығуды ойладым. Қашам деп жүргенде олардың спец службасына түрмеге түстім. 4 ай түрмеде азап пен қорлық көріп, маған “сені босатамыз” деді. “Бірақ енді тағы қайталанса, сені ойланбай өлтіреміз” деді. Бірақ мен түрмеден шыққаннан кейін де қашу әрекетін тоқтатқан емеспін. 6 ай дегенде проводник тауып, қалтамдағы бар ақшамды төлеп, ДАИШ аймағынан қашып шықтым. Содан курд әскерлеріне беріліп, Қазақстанға “Жусан” операциясы арқылы жеткізілдім. Қазіргі таңда жазамды өтеп жатырмын. Аллаға шүкір, аман-сау елге қайтқаныма. Және билікте отырған ағаларымызға, президентімізге, бізге көмектесіп, шетелде тастамай алып шыққанына рахмет айтамын.
Қазір мен білікті теологтардың себебімен Әбу Ханифа мәзһабымен намаз оқып жүрмін. Және ілім алып, одан әрі қарай білімімді арттырсам деймін.
Жалпы менің Сирияға кетуім сол кезде Әбу Ханифа мәзһабын ұстамай, басқа ағымның жетегінде кетуім және дұрыс білімнің болмауы себеп болды. Және тақлид яғни соқыр сенімге еруім болды.
Иманкулов Ринат Мейрамович
167/3 түзеу мекемесі.