ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК АЛЫП ЖҮРСІЗ БЕ?

Елімізде тегін дәрі-дәрмек беру барысын бақылаудың жаңа түрі пайда болмақ. Жыл соңында іске қосылатын бұл жоба кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу процесін жетілдіруді көздейді.

Өткен жылдың басында Медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгертті. Яғни, бұрын дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар ақысы дәрігер жазған рецепт бойынша төленіп келген болса, енді дәрі-дәрмек қолма-қол берілген рецептілерге ғана төленеді. Атап айтқанда, пациент дәріні алған кезде тиісті құжаттарға қол қояды. Содан кейін төлем туралы мәлімет «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Ендігі кезеңде бақылау жүйесіне пациенттердің өздерін тарту көзделген. Осыған орай, тегін дәрі-дәрмек беру барысын бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылды. Дәлірек айтсақ, Денсаулық сақтау министрлігі, МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС бірлесіп SMS-хабарлама жүйесін іске қосты. Жоба шеңберінде пациенттерге 12 желтоқсаннан 2018 жылдың соңына дейін SMS-хабарлама жіберу көзделген. Хабарлама былтырғы қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттерге жіберіледі. Жоспар бойынша, хабарлама рецептілерде көрсетілген 3 млн. нөмірге түсуі тиіс.

Хабарламада дәрі-дәрмектің берілген күні мен атауы көрсетіледі. Егер пациент препараттарды алмаған болса, SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдайды немесе «СК-Фармация» ЖШС-ның 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалуға болады. Айта кетерлігі, пациенттердің амбулаторлық карталарында көрсетілген телефон нөмірлері қате болуы мүмкін. Сол себепті SMS-хабарламаны бәріне барады деу қиын. Сондықтан «СК-Фармацияның» байланыс орталығына шағымдануға болатынын еске салғымыз келеді.

Алынған мәліметтер сарапталып, әр факті жеке-жеке тексеріледі. Анықталған заң бұзушылықтар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне жолданады.Хабарлама нәтижесі мен ақпараттық жүйедегі мәліметтер арасында айтарлықтай алшақтық табылып жатса, жоба мерзімі ұзартылады. Сонымен қатар, болашақта ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін өзге де қызметтерге қолданылуы мүмкін.

МСҚ – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМКК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызмет ақысын былтырғы жылдың басынан бастап Қор төлеп келеді. Ал, МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ.Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС сатып алады (МСҚ-мен арадағы келісімшарттан түскен қаржы есебінен). «СК-Фармация» дәрі мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарынан түскен өтініштер негізінде сатып алады.2018 жылы МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС арасында 101,9 млрд. теңгеге контракт бекітілген болатын. Былтырғы жылдың 5 желтоқсанына дейін елдегі медицина ұйымдары 79 млрд. теңгеге рецепт жазып берген. Соның ішінде, 73,1 млрд. теңгенің дәрісі пациенттер қолына тиген.

Ахмет Беден,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ

Шымкент қаласы және Түркістан облысы

бойынша филиалы

бөлім басшысы,

М.Тургунбаева,

Шымкент қалалық №10 емхананың бас дәрігері

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.