ТЕЛҒАРАЕВТЫҢ «ТЕАТР-ШОУЫН» КӨРГЕНДЕ КҮЛЕСІЗ БЕ, ЖЫЛАЙСЫЗБА?

Жуырда әлеуметтік желі беттерін Қазығұрт ауданы әкімі Т.Телғараевтың «командасындағы» мемқызметкер жігіттердің бір кісідей қатысқан «театрланған» қойылымы жайлап, БАҚ әлемін бір шулатып тастағандай болды.

Аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің білдей төрт қызметкері қолдарына «Сыйлық алмаймын!» сөзін ұстап, қаздай тізіліп «театрланған» көріністі ұсыныпты. Ол аз болса, Қазығұртта ел тізгінін ұстап жүрміз дейтін шенді-шекпенділер «құлдан құл қалса, құлағын кеседінің» керімен «Сыйлық алмаймын!» жазуын жалаулатып, әлеуметтік желі беттерін өз суреттерімен толтырыпты. Жағаңды ұстайсың. Намыстан жарылардай боласың. Ел-жұрт бетіне қарап отырған азаматтарымыздың жеткен жері осы болғаны ма?

Қайда, қазақтың биік болмысына біткен кісілік? Қай заманда қазақтың арыстай азаматтары ел алдында бала сенбейтін тірліктерге барып, қарабайырлықты көрсетіп еді? Осы күнге дейін қоғамның өзекті мәселесін көтеріп, онымен күресуді жандандыратын насихаттың «сорақылығы» еш жерде, ешқашан дәл осылай жасалған жоқ еді ғой. Әлде Телғараевтың «тележкасына» мінген «данышпандардың» еліміздегі идеологияның «қазанын» ұстаған Алматы мен Астанадағылардың көзін ашып, қалай жұмыс істеуді үйреткісі келгені ме? Ол жақтағыларды қайдам, бірақ Қазығұрттың өзінде басшыларының баянсыз тірлігіне  ұялғандардың кірерге тесік таппай жүргеніне шүбәңіз болмасын.

Бүгіндері қазығұрттық мектептердің, әсіресе, бастауыш сыныбының оқушылары: «Мен енді төбелеспеймін! Мен қыздарға тиіспеймін! Мен енді сабақтан қалмаймын! Мен енді апайды тыңдайтын боламын!» — деген т.б. «жынды» сөздерді мектепке кірерде мойындарына тағып алатындығы ел аузында гу-гу сөз болып жатқанына сенер-сенбесімізді білмей қалдық. Баланың «бастық көкелерінен» үлгі алғысы келетіні көпке аян. Оның үстіне тек Ташкенттің телехабарын көруден ығыр болған қазығұрттық жасөспірімдер бір кездері мектепке келген журналиске «Біздің президентіміз Ислам Каримов» дегенді айтып тұрып алған. Журналистің: «Балалар, өтірік айтпаңдар, ұят болады, — дегеніне олар: Ағай, анау телевизорды қосыңыз, кімнің ұялып қалатынын өзіңіз көресіз», — деген шулап тұрып.

Бұл хабар эфирге шығып кетті. Жедел өткен облыстық мәслихаттың сессиясында қаржы бөлініп, Қазығұрттың «Бел» асуының бергі жағындағы ауылдар Қазақстанның телеарналарын көруге қолдары жеткен болатын. Қазығұрттың жастары намысқой болып келетіндіктен, жасөспірімдері де «бастық көкелерінің» дараңғойлық тірлігіне намыстанып, оларды ұялту үшін әлгідей әрекеттерге баруы да ғажап емес қой.

Өскелең ұрпаққа өнеге боларлық игі істерді көрсетуге өрелері жетпей, бала істемейтін былықтарға батқан «идеолог» көкелерінің тірліктеріне мына заманның алғыр ойлы жастарының намыстанатынына біз де  көлгірсіп қарай аламыз ба? Аудан әкімінің орынбасары, «бас идеологы» С.Тұрсынқұлов бұл салаға басшылық жасау «Резервін» баяғыда тауысып біткен жоқ па?

«Мата атымен бөз өтедінің» күйін кешіп, күнім өтсінмен «тісі сарғайып біткен» С.Тұрсынқұловты әкім Т.Телғараев халықтың қамын ойласа, баяғыда бір мектепке директор етіп жіберер еді ғой.

Өзінің «ішкі есебін» түгелдеуде қателесе қоймайтын әкім Телғараевқа «командада» С.Тұрсынқұлов сияқты «не мясо, не рыбалардың» жүре беруі керек-ақ сияқты, әсте.Ондайлар аудан тынысындағы ең ауыр білім саласының басшылығына «дені сау» біреуді жіберуіміз керек деп басын ауыртпайды. Әкімнің «сенің осы іліп алар бір тірлігің бар ма, өзі?» дегеніне жауап  болсын деп «Сый алмаймын!» деген сорақылықты жариялатып, С.Тұрсынқұловтың «айды аспанға шығарғандай» мардымсып жүрісі анау!

Табиғи да, климаттық жағдайы да керемет, халқы еңбекқор да жуас ауданның бүгінгі тынысына қарағанда «аңқау елге – арамза молданың» күйі келген бе деген ойға оралмай ма, өзі?

Қайда, кешегі қарқын алған мал бордақылату, егін шаруашылығын көтеру, т.б. тынымсыз тірліктер? Әлде, оны Т.Телғараевтың ауданға келген кезіндегі және ауылдарға аяғы сирек тиетін қазіргі паң жүрісті фото­суреттерге салыстырып саралаймыз ба?

Бүгінде әкім Т.Телғараев пен «бас идеолог» С.Тұрсынқұлов өздерінің «Республикаға өнеге» болатын бастамаларының бағасы қандай екенін білгісі келсе, біз әлеуметтік желілерден алып жариялап отырған ой-пікірлерді ыждағаттықпен оқып шығуын сұраған болар едік.

Ә.Мұратбеков.

«Қазақстан жолы» газеті, №01-02(727-728) 12.01.2019 жыл

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.