Теміржол арқылы жүк тасымалдау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері кәсіпкерлермен талқыланды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен «Қазақстан Темір Жолы» және «Қазтемиртранс» өңірлік филиалдары басшылығының бизнес өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылып, ашық диалогқа Департамент және кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Кездесуде жүк вагондарын берумен, ҚТЖ қызметкерлерінің жүк жөнелтушілермен тікелей байланыстарымен, сондай-ақ вагондарды беру және жинау рәсімдерін толық автоматтандырудың болмауымен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қаралды.
«Талдау кәсіпкерлерге вагондар беру процесінде тәуекелдердің бар екенін көрсетті. Сонымен қатар, процесс ашық емес, вагондарды қалауынша басқаруға мүмкіндік береді. Бұл бизнеске кері әсерін тигізіп, жосықсыз бәсекелестік туғызады және тұтастай алғанда, ҚТЖ жұмысына сенімсіздік пайда болады. Нақты ілгерілеу үшін түбегейлі өзгерістер, заңнамаға түзетулер енгізу, процестерді автоматтандыруды қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Департаменттің Превенция басқармасының бас маманы Асқар Айтымбетов.
Шымкенттегі ұн тарту өндірісінің өкілдері Қарағанды облысы Осакаров ауданының «Ақтасты» теміржол станциясында бидай тиелген 6 вагонның кешігу проблемалары туралы хабарлады. Әлеуметтік қажетті жүк белгісіз себептермен 5 күннен артық тоқтап тұр.
«Шымкент май» ЖШС директоры вагондармен жұмыс істеудегі кемшіліктерді, сондай-ақ оларды беруден негізсіз бас тартылатынын растады.
Бұл ретте ҚТЖ өкілдері себеп– вагондардың жетіспеушілігі екенін атап өтіп, вагондарды жеткізу процестерін толық автоматтандыруды енгізуді, соның ішінде оларды кәсіпкерлер арасында теңдей бөлуді атап өтті.
Сондай-ақ, іс-шара барысында локомотивтерді жөндеу және қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордағы сатып алу мәселелері талқыланды.