ТЕРІС АҒЫМ ТЕКТІ БҰЗАДЫ
Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Кейбір жастарымыздың дәстүрлі емес жат ағымның құрбаны болып жүргені жасырын емес. Олардың жат ағымның жетегінде кетуінің басты себептерінің бірі ретінде жастарымыздың интернет желісін қолданып, әлеуметтік желілерде сананы улайтын аудио және видеотаспаларының таратылуын айтуға болады.
Жастардың жат ағым жетегінде кетуінің алдын алу үшін бейресми діни білім беру орындарына көңіл бөлу, дін негіздерін дұрыс түсіндіру, оны білікті, білімді дін мамандары арқылы жеткізу, халықтың діни сауатын ашатын оқу орындарын көбейтуге, елімізде тез тарайтын ақпараттардың бірі – әлеуметтік желілерді қатаң бақылауға алу керек. Бұл оқу орындарын көбейтуге еліміздің әрбір азаматы атсалысуы қажет. Сонда ғана бейбіт еліміздің тыныштығы сақталады. Біздің Түркістан облысында да мұндай теріс діни ақпаратты бақылау мен діни тәртіпті нығайтуға барынша күш салынып келеді.
Жуырда Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округі Таскескен елді мекеніндегі С.Торайғыров атындағы орта мектебі және Мәдениет елді мекеніндегі М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залында «Дәстүріңді баққаның–үмітіңді жаққаның» атты мектеп оқушыларымен кездесу өткізілді.Кездесуге Түркістан облыстық және аудандық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог мамандары қатысты. Кездесуде маман Б.Омаров қарапайым тілмен жастарға бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі–діни теріс ағымдардан сақтану жолдарын тарқата айтып берді. Сондай-ақ ол жат ағым арбауына ілесіп, ұлттық құндылықтарынан бас тартуға дейін барған жастардың мұндай теріс әрекетінің түп-төркінін жастарымыздың діни сауатсыздығынан іздеу керектігін жеткізді.
Сонымен қатар «Дәстүрлі құндылықтар керуені» көшпелі жиыны күні кеше Ордабасы ауданында жалғасты. Аудандық Мәдениет үйінде өткен Түркістан облысы бойынша «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі іс-шараның Ордабасы ауданындағы кезекті жиынын аудан әкімінің орынбасары А.Әбдіқұлов жүргізіп отырды.Жиын барысында облысымыз аумағындағы адасқан жастар туралы арнайы бейнетаспа назарға ұсынылды. Содан кейін Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім басшысы Ф.Тайтелиев, осы орталық директорының орынбасары М.Бесбаев, облыстық Халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Ш.Мамытханова, Ордабасы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Әбдіхайымұлы кереғар ағымдардың алдын алу мен дәстүрлі ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу турасында баяндама оқыды. Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, жиынға қатысушылар қозғалып отырған мәселеге қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды.