ТЕРІС АҒЫМНЫҢ АЛДЫН АЛУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Теріс діни ағымның соңына ергендердің басым бөлігі дәстүрлі діни сауаты төмен немесе мүлде жоқ адам. Бұрын арнайы діни оқуды оқымаған немесе мұндай адамдар эмоцияға беріліп, «Менікі дұрыс. Себебі мен Құдай үшін жасап жатырмын» деген оймен кез-келген амалға баруы мүмкін. Тіпті, келешекте ондай адамнан экстремист те, террорист те шығуы мүмкін.
Негізінде, теракт ұйымдастыруда билікқұмарлар, пайдакүнемдер, діннің емес, дүниенің қамын ойлағандар, әсіредіншілдер, т.б. өзімбілемділікке салынған жандар бой көрсетеді.
Сіз бен біз ақпараттандыру заманында өмір сүріп отырмыз. Ғаламтор мен түрлі гаджеттер біздің өмірдің бір бөлігін құрайды. Ғаламтор желісі шегі жоқ бір лабиринт секілді. Ақпаратқа қызыққан жас бала бір ғана пернені басып адасып кетуі бек мүмкін. Мысалы, бір ғана Алматыда соңғы жылдар ішінде 300-ден астам эстремистік насихат жүргізетін интернет құралы жабылған. Мұнымен күрес жалғасуда, бірақ, интернеттен діни ақпарат алғысы келген жастарымыз үшін қауіп сейілді деп айта алмаймыз. Себебі, сайтты аша салу оп-оңай екені мәлім. Экранның арғы жағында отырған бір теріс пиғылды миссионер экстремистік сайтты оп-оңай аша салады. Сондықтан діни ақпарат алғысы келген жастарға айтар кеңесім: еліміздегі сенімді діни-ақпараттық сайттарға ғана кіру. Олардың кейбірін көрсетіп те бере аламын: kazislam.kz, ҚМДБ-ның сайты muftyat.kz, mazhab.kz, muslim.kz, islam.kz, fatua.kz және т.б.
Ескеретін жағдай, елдегі ҚМДБ-ға тіркелген барлық дерлік мешіттердің (қалалық, аудандық) сайттары бар. Бұл сайттарға кіріп діни ақпарат алуға болады. Бұған қоса сайттың соңғы жағында сенімді әріптес сайттар көрсетілген. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің сайтында да діни ақпарат алуға болатын сайттардың тізімдері бар.
Әуелі тәлім-тәрбиеге отбасында көңіл бөлінуі тиіс. Егер ата-ана «мен дінді білмеймін» дейтін бола, онда тәрбие үшін діни сауаттың (арабша оқу-жазу) болуы шарт емес. Қазақ баласын қашанда инабаттылық пен имандылық, адалдық, шыншылдық, обал мен сауап сияқты т.б. адамгершілік құндылықтар негізінде өсірген. Яғни, бала жастайынан ата-ана махаббатын, жылы алақанын сезіп, дұрыс қазақи тәрбие көрсе, діни фанат болуы екіталай. Оның бойында дәстүрмен бірге тілі, ділі, діні сабақтасып, бір-бірімен үйлесімділік табуы тиіс.
Теріс ағымды насихат-таушылардың мақсаты біреу – қоғамды «біз» және «басқаларға» бөліп, мемлекеттегі дінаралық татулықты, ұлтаралық келісімді, бейбіт өмір мен тұрақтылықты бұзу. Кез-келген жат ағым өзінің адаптілерінің (жамағатының) көбейгенін қалайды. Сол үшін аянбай күреседі. «На войне все средства хороши» дегендей олар жамағат санын көбейту үшін барлық әдіс-тәсілдерді қолданады: қайырымдылық қор ашады, тегін дәрі-дәрмек таратады, киім-кешек береді, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек көрсеткен болады, психологиялық күйзеліске түскен адамға келіп «Құдай сені жақсы көреді» деген сияқты жанды жұбататын жылы сөздерді айтады және т.б.
«Теріс діни ағым» деген уақытта біз тек исламды жамылған жат ағымдарды түсінбеуіміз керек. Бұлай ойлау қате. Себебі терроризм, экстремизм адамның тіліне, дініне, нәсіліне қарамайды. Теріс діни ағымдар мен секталар бір адамды өз қатарларына қосып алған соң, сол арқылы оның отбасына, ағайын-туыстарына шығады. Біз осындай айлалардың барлығынан сақ болуымыз керек.
Ал, мемлекет онсыз да қолынан келгенше теріс ағымдарға қарсы күресті жалғастыруда. Мысалы, дәстүрлі емес немесе радикалды ағым идеологиясына елітіп жүрген тұлғалармен тұрақты түрде оңалту жұмыстарын жүргізу, ел аумағына кірген, сатылымға шығатын діни мазмұнды материалдарды (кітап, аудио, видио және т.б.) діни сараптамадан өткізуі, жат ағымдарға қарсы иммунитет қалысптастыру және халықты діни ақпараттандыру сияқты бағдарламаларды жүзеге асыру, діни ұйымдарды тіркеу, экстремистік бағыттағы сайттарды бұғаттау т.б. Яғни, еліміздің ірі қалаларында, әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент секілді мегаполистерде діни экстермизмге тосқауыл қою, қоғамға келетін ертеңгі апаттың алдын алу басты назардан түспеуі тиіс. Әрине, Шымкент секілді жаңа мегаполисте жат ағымға қарсы жұмыстарда тың серпіннің байқалатыны анық. Дегенмен де бұл жұмыстар әлі де болса жандана түсуі керек. Өйткені жат ағымның жарылқамайтынын қоғамның өзі түйсініп отыр.
Жалғас Садуахасұлы,
дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты.