ТІРШІЛІГІ КЕЛІСТІ КЕЛЕС

Аймақты дамыту – басты мақсат. Қазіргі таңда жаңадан құрылған аудандарда да әр сала өркендеп, тұрақты даму жолына түсіп отыр.

Осындай аудандар санатындағы Келестегі Бозай ауылдық округінің Тентексай елді мекеніне табиғи таза ауыз су беріліп, 625 халық, 85 үй оның шарапатын көрмек. Одан бөлек елді мекен шегінде халыққа қызмет көрсету үшін арнайы медпункт, білім ошағы, сонымен қатар мешіт орналасқан. Ал Ошақты ауылдық округінің 3 елді мекені жоғары сапалы электр қуатымен қамтылды. Сарыжылға, Бақшысай және Жиделі елді мекендері 9,8 шақырым сапалы электр қуатымен қамтылған болса, Ұшқын ауылдық округінде 100 пайыз ауыз су мәселесі шешімін тапты.

Аудан диқандарына артылар жүк те жеңіл емес. Десе де олар бұл міндетті ойдағыдай атқаруда. Егетін өнімнің тұқымын дұрыс таңдау, шеберлік сыныбын ұйымдастыру т.б. шаралар шаруаларға керек-ақ. Алдағы уақытта ауданның шаруашылығына заманауи технология әкелініп, экономикалық өсімге қол жеткізу жоспарлануда. Мысалы, бір ғана осы жобаның жетекшісі Б.Қалымбетов аталған жоба аясында биылғы жылы 6-7 га жерге егілген 3 өнімнен 10-12 млн. теңге пайдаға кенелді.

Яғни аудан шаруаларына аталған жоба аясында көптеген мүмкіндіктер туып тұр. Тек еңбекқор жандар өзінің әлеуметтік жағдайын түзеу үшін аянбай тер төксе жеткілікті. Биылғы жылы аудан бойынша 28 жоба қолға алынды. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр.

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева ауданға арнайы келіп, 2020 жылдан бастап іске асырылатын атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері, мүгедектігі бар адамдарға арналған «Әлеуметтік қызметтер порталы» және ауыл шаруашылығы саласына қатысты индикаторлардың орындалуы бойынша аудан тұрғындарымен кездесіп, жұртшылықпен пікірлесті. Түсіндіру жұмысы барысында АӘК көрсетудің жаңа бағыты жайлы да сөз қозғалып, заңнамалық түрде аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет анықталып, көп балалы отбасылар бұрынғыдай мемлекет қолдауына ие болатыны айтылды.

Жиынға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтары мен ұсыныстарын айтып, оған толыққанды жауаптарын алды.

Мұнан бөлек Біртілек ауылдық округі, Еңбекші елді мекені сапалы электр қуатымен қамтылып, 13 шақырым көше жиегіне диодты жарық шамдары қойылды. Сонымен қатар, Жүзімдік ауылдық округі, Сәтпаев елді мекеніндегі ауыз су жүйесі пайдалануға беріліп, елді мекендегі 644 шаңыраққа ауыз су құбыры жеткізілді. «Жедел құрылыс» ЖШС басшылығына да ел алғысы шексіз. Себебі олар ауыл тұрғындарына арнап дәрігерлік емханаға барар жолға өз есебінен тас төсеп те берді. Одан бөлек Көкбұлақ елді мекені тұрғындары да таза ауыз суға қолы жетіп, қуанышқа бөленіп жатыр. Жалпы аталған елді мекенде 1681 адам тұрса, 241 отбасы ауыз сумен қамтылып отыр. Тапсырыс беруші мекеме Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жалпы ұзындығы 29,141 шақырымды құрайтын құбырдан сапалы су тартуға барынша күш салды. Алдағы жылы Бозсу және Ынтымақ елді мекендері де ауыз сумен қамтылмақ.

Ал ауданда биыл 71,3 шақырымда жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Аудан орталығы Абай ауылы бойынша “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 28,19 шақырым, яғни 23 көшенің орташа жол жөндеу жұмыстарымен қатар абаттандыру да жүргізілуде. Қазіргі таңда Абай ауылындағы 23 көшенің 19-ында жол жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалған 4 көшенің жөндеу жұмыстары келесі жылдың соңына дейін толығымен бітпек.

Сондай-ақ 10 көшенің, бір аудандық маңызы бар “Ащыкөл-Қалғансыр” 6,8 шақырым автомобиль жолдарының мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Осы тұста Келестегі жол құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау жасалып жатқанын да жеткізе отырайық.

Айталық Келес ауданының орталығы Абай ауылында жүріп жатқан жол құрылысы жұмыстарының сапасына аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары және ауыл ақсақалдары бақылау жасады. Абай ауылының ішкі 23 көшесіне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүріп, жергілікті бюджет есебінен абаттандыру жұмыстары да істелген болатын. Бүгінгі таңда аталған құрылыс жұмыстарының 80 пайызға жуығы аяқталып, аудан орталығының басты 2 көшесі яғни, Д.Қонаев көшесі мен Т.Рысқұлов көшесінде құрылыс жұмыстары әлі де жүріп жатыр.

Сонымен бірге «Nur Otan» партиясы Келес аудандық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлімінің ұйымдастыруымен Ақтөбе ауылдық округінде аудан әкімі А.Есбаев, төрағаның бірінші орынбасары А.Жұмабеков және аудандық мәслихат хатшысы А.Тотиков ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, аудан әкімі кездесудің маңыздылығына тоқталып, елдегі өзекті мәселені анықтап алуға жиналғандарын жеткізген болатын. Нәтижесінде Бозсу елді мекенінде төселген шағалды көшенің соңына дейін жеткізу, Аққойлы каналын Өзбекстан Республикасы тарапынан бекітіп тастауы себебінен ағын судың келмей жатқаны,  электр энергиясының қуаты нашарлығын шешу мақсатында қосымша трансформатор орнату жайлы, Көгерту елді мекеніндегі қалып кеткен 1 көшені газдандыру, ауыз су мәселесі, Ескі қорған елді мекенінде кеден бекеті қайта салынуына байланысты келмей қалған ағын су мәселесін су тартқыш насос орнату арқылы шешу, автотұрақ мәселесі, Құйған елді мекенінде Қанағат көшесін жөндеу, ауыз су, медпункт салу, Ақжар елді мекенінде жолға шағал төсеу, ауыз су, көшені жарықтандыру, Оймауыт каналынан тарқайтын ішкі арықтарды тазалау, Қаратөбе елді мекенінде тротуар салу, А.Оразбаева орта мектебіне қазандық ауыстыру, жаңа ғимарат салу, Ақтөбе ауыл округі аумағынан спорт ғимаратын және заманауи үлгідегі спорт алаңын салу үшін жер телімін бөлу, интернет желісінің жылдамдығын көтеру, ұялы операторлардың нашарлығы т.б. мәселелер қозғалды.

Ауданда Жастар жылындағы атқарылған игі шаралар да баршылық. «Жастар жылы» қарсаңында аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанынан құрылған «Жастар ресурстық орталығы» КММ-да 2 бөлім жұмыс жасайды. Жастармен жұмыс жасайтын 31 маман бір бөлімде, екінші бөлімде әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі бар. Орталықта жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін коворкинг залы мен домбыра, гитара, дебат үйірмелері ашылған.

Жалпы аудандағы халық саны 142 078 болса, оның 35240-і жастар. Бұл аудан халқының 28%-ы. Яғни жастар саясатын жергілікті жерлерде жүзеге асыру, аудан жастарының қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында бұл орталық 652-ге тарта түрлі іс-шаралар өткізіп үлгерді. Әсіресе, «Серпін – 2050», «Әлем білім», «Болашақ», «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары мен жобалары бойынша түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізілуде.

Бүгінде ауданға қарасты мекемелер саны 44-ті құраса, оның ішінде аудандық мәдениет үйі, Жастар ресурстық орталығы, аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығы, ауылдық мәдениет үйлерінің саны – 5, ауылдық клубтар – 10, кітапханалар – 24 және саябақтар саны екеу. Дегенмен бұл сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Ауданда 16 мәдениет ошағының ғимараты жоқ. Қазіргі таңда Келес ауданында жалпы халық саны 142 078 болса, оның ішінде 14-29 жас аралығындағы жастар саны 35240-ге жетті. Бұл аудан халқының 28%-ын құрайды.

Мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерлерде жүзеге асыру, аудан жастарының қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында осы жылдың 8 айында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 638 түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында орталық стадионның құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылы аталған бағдарлама аясында Келес ауданында 25 нысаның іске асырылуы жоспарланған болса, соның біреуі осы орталық алаң. Ал №1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне қарайтын спорт комплексі құрылысы «Қуат Құрылыс» ЖШС тарапынан жүруде. Қазіргі таңда көрермендер отыратын секторларға төбесі жабылатын құрылғылар орнатылды. Сонымен қатар үлкен алаң жанынан үсті жабық, заманауи үлгідегі кіші футбол алаңының да құрылысы қатар жүруде. Дене шынықтыру жаттығуларына арналған арнайы street workout құрылғылары да қойылған. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан аудан басшысы тиісті мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды.

Келесте кәсіпкерлік те жандану үстінде. Мемлекеттен берілетін жеңілдіктердің көмегін оңтайлы пайдаланғандар да көп. Соның бірі – Келес ауданының орталығы Абай ауылында тұратын Әйгерім Мамытбаева. Ол «Әйгерім тәттілері» шағын кондитерлік цехын ашып, бүгінде ауданның 9 қыз-келіншегін жұмыспен қамтып отыр. Әйгерім Шымкенттегі кондитерлік курстардың біріне барып, кәсіби шеберлігін шыңдап, кәсіпкерлікке бет бұрып, бүгінде өз бизнесін өрістету үстінде. Онда қазір 1000-2000 мыңға жуық тәтті күлшелер, 20-30-ға тарта торт өнімдері өндіріліп жатыр. Сонымен қатар «Әйгерім тәттілері» кондитерлік орталығында ай сайын ауданның 50-ге тарта қыз-келіншектері аталған кәсіптің қыр-сырын үйренуде. Әйтсе де, кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға жол картасы аясында несие алып, кәсібінің ауқымын одан әрі кеңейтуді көздейді.

Ауданда жылына 3 рет өнім алу жобасына қызығушылар да аз емес. Яғни қазыналы Келес өңірінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалыпты. Болашақта да бұл аймақта ел мерейін асырар жағымды жаңалықтардың аз болмайтыны анық.

Р.РҮСТЕМ.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.