Тоқаев әкімдерге жалдамалы пәтерлерді беру мәселесін жеделдетуді тапсырды

QAZYGURT.KZ: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлерді беру мәселесін жеделдетуді тапсырды.

Ақордадағы кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған әлеуметтік тұрғыдан әділетті ел құру бағытын жалғастыруды міндеттеді.

Соның ішінде президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлерді беру мәселесін жеделдетуді және бұл үдерісті биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді.

Сонымен қатар, Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселелерді шұғыл шешудің маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ кеңес барысында президент мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы тиімді байланыстарды жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды.

Мемлекеттік органдар тарапынан коммуникацияның заманауи арналарын пайдалана отырып, тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді. Президент өңір әкімдерінің халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тиіс екенін де айтты.

 

АҚПАРАТ көзі: kaz.nur.kz

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.