ТОҚТЫБАЕВ ТАРТҚАН ТАУҚЫМЕТ

Тарихты ұлықтау – ұжданды ұрпаққа міндет. Себебі сан нәубетті бастан өткерген қазақ тарихында әлі де болса тереңдете зерттелмеген түйткілді тақырыптар жетіп артылады. Тұңғыш Президентіміздің өзі айтқандай, қазақтың сонау көк түркіден бері тарих тұңғиығына тамырын тартқан, қасіретпен қуғынға толы талайлы тағдыры ұдайы азаттық жолындағы арпалыспен өтті. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та таяу жылдардағы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында ел ертеңінің тап бүгін тарих безбенінде тұрғанын баса айтып, ұлттық кодымызды сақтауда, рухани құндылықтарымызды ұлықтауда кейінгі толқынға кешегі тарихты жүйелі түрде жеткізудің маңыздылығын атап көрсетеді.

Атап айтқанда, тұлғатану мәселесіне мейлінше тоқталуды ұсынады. Расымен де басқаны былай қойғанда біздің Түркістан өңірінің мұрағат қорларында елеусіз қалып қойған көптеген көне құжаттар әлі күнге дейін ғылыми айналымға түсе қоймағаны анық. Әсіресе, Кеңестік Қазақстан тарихына қатысты құжаттарға жаңа көзқараспен тиісінше оң баға берілуі қажет-ақ. Демек, Түркістан өлкесін түлеткен тарихи тұлғаларды да бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Ал осындай Түркістан тарихында із қалдырған біртуарлардың қатарында тағдыры тауқыметке толы Иса Тоқтыбаев та бар.

Еліне аянбай еңбек еткен Алаштың айтулы азаматының бірі Иса Тоқтыбаев 1894 жылы 15 ақпанда қазіргі Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы Қараөзек ауылында дүниеге келген. Ол он жасында Перовск (қазіргі Қызылорда қаласы) саудагері Рафаельге батырақ болып жалданып жан баққан екен. Жағадан алған жоқшылықтың салдарынан балалықтың бал қызығынан ертерек қол үзсе де, қиындыққа мойымай, жарлылыққа жасымай, қара жұмыстың өзін жауаптылықпен атқарған бала Исаға патша өкіметі жер аударған революционер-демократ Николай Федорович Шипковтың назары ауады. Ол талабы биік жас жалшыны өзі іргесін қалаған түземдік мектепке оқуға қабылдатады. Алғырлығының арқасында оны ойдағыдай аяқтаған Тоқтыбаевты Ташкентке төрт жылдық мұғалімдер семинариясына жібереді. Осында ол марксистік үйірмеге қатысып, төңкерістік қозғалыстармен жете танысады.

Батырақтықтан басыбүтін арылып, білімі толысып, өзіндік көзқарасы қалыптасқан соң Тоқмақ көтерілісіне де қатысып, тас түрменің де дәмін татады. Төңкерістен соң советтік жаңа үкіметке қызмет етуді құп көрген Тоқтыбаев ескі Ташкент совдепінің хатшысы болып тағайындаған тұста да ұлтжандылығымен көпке ұнап, қараңғы қазақ жастарына қара таныту мәселесін ұдайы көтеріп, оқу орындарын ашу ісіне белсене араласады.

Осылайша 1917 жылы қарашада Тоқтыбаев көтерген түйткілді мәселе оң шешімін тауып, аз уақыттан соң-ақ Ағарту институты ашылады. Орта Азия мен Қазақстан үшін мамандар даярлауда маңызы жоғары, жергілікті қазақ жастарының білім көкжиегінен көрінуіне сеп болған бұл білім ордасын алғаш басқарған И.Тоқтыбаев қазақ ғылымын көтеруге де мейлінше үлес қосып, кейіннен көшпелілер арасында білім тарату жөніндегі комиссиялардың төрағасы, Мемлекеттік баспа бастығының орынбасары, республика Оқу-ағарту комиссариатының коллегия мүшесі қызметтерін де абыроймен атқарды. Әсіресе оның сауатсыздықты жою жұмыстарына, халықты ағарту ісіне сүбелі еңбек сіңіргені жұртқа аян.

Ал 1919 жылы ақпанда ол алдымен партия қатарына кірсе, көп ұзамай ВЦИК-тің аштарға көмек көрсету комисиясының құрамына да еніп, елге пана, ұлтқа тұтқа болуды жалғастыра береді.

Төңкерістен кейінгі балапен басымен, тұрымтай тұсымен кеткен қиын-қыстау кезеңде Түркістан Орталық партия комитеті 1922 жылы И.Тоқтыбаевты ұлт баспасөзін аяғынан тұрғызуда аянып қалмас деген ниетпен «Шолпан» журналына редактор етіп бекітеді. Міне, осы тұстан бастап ол «Балықшы» деген бүркеншек атпен саяси-әлеуметтік мәселелерді кең қозғап, қарымды қаламгер, кәнігі көсемсөзші ретінде таныла бастайды.

Айталық, «Орта  Азия  бірлігі» мақаласында ол: «Орта Азия бірлігі құрылғанда ескеретін ісі – ұлт мәселесі. Орта Азияда тұратын нашар ұлттардың жұртшылығын сақтап қалу.

“Екі ауыз сөздің бірі ұлт мәселесі, екі рет түртілген қаламның бірі ұлт  мәселесі, ұлт мәселесі жұрттың жүрегіне тиген жоқ па?  Ұлт мәселесі туралы сөз бітіп, әңгіме ашылған жоқ па?”  деушілер де көп шығар. Ұлт мәселесі туралы сөз көбейе бермек»,-деп ұлт мәселесін ескерусіз тастаудың ерге сын, елге сор боларын ашына жеткізіп, ұлтынан жерінгендер мен орысшылдықтың сойылын сүйреткендерді сын садағына іледі.

1923 жылдың көктемі мен 1925 жылдың мамыры аралығында И.Тоқтыбаев сол уақыттағы шын мәнінде ұлт басылымы аталған «Ақ жол» газетінің редакторы болып істеді, әрі РК(Б)П Түркістан өлкелік комитетінің баспасөз секторын басқарды. Бұл аралықта ол саясат, шаруашылық мәселелері жөнінде де жиі қалам тербеп, «Ақ жол» беттерінде, Алаш мүддесін, қазақ қамын бәрінен де жоғары қоятынын байқатып бақты. Нақтылай айтатын болсақ, «Балықшыдан» өзге «Қайдамшыл» деген псевдониммен де ұлттың бірқатар өзекті мәселелеріне партия назарын аударуға тырысқан «Тұңғыш қаулы» мақаласында ірге көтергеніне үш жылға таяп қалса да, сансыз қаулыны сапырылыстыра шығарып, бұйрық-жарлықтарды бейберекет боратқан, «бәрекелді» дегізерлік біткен ісінен «әттеген-айлататын» шаруасы көп Қазақстан кіндік атқару комитетінің жүйесіз жұмысын қатаң сынға алады. Елге пайдасыз көп қаулыға көмілген комитеттің Ертіс бойындағы 10 шақырымдық жерді қазаққа қайтарып беру туралы шығарған кезекті қаулысынан да қайран болмай, қағаз бетінде қала беретініне шәк келтірмейді.

Иса Тоқтыбаев көсемсөздерінің бірқатары оқу-ағарту мәселесіне қатысты дүниелер. Өйткені сол кезеңде көзі ашық оқығандардан гөрі хат танымайтын қалың бұқараның қарасы мол еді. Мектеп ашу мәселесі майшаммен қаралып, мемлекеттік мәселе деңгейіне дейін көтерілсе де, не оңды оқу құралы жоқ, не баспанасы балаға лайықты емес, маңдытып сабақ беретін маманға да зәру бұл саланың шаруасының да шашауы шығып, шатқаяқтап тұрғаны қазақ оқығандарының арқасына аяздай батқаны белгілі. Сол себептен де Алаштың Ахметі бастап, Қошке Кемеңгерұлы қостап, Міржақыптар мақұлдаған, Сәкендер сүбелі үлес қосқан, Ілиястар іліп әкеткен ортақ істен, ұлттық мұраттан Иса Тоқтыбаев та шет қалмай, «Жағырафия  сөзі» оқулығын құрастырып, «Түркістан» жинағын баспаға дайындап береді.

Ал, Тоқтыбаевтың «Ақ жолдағы» оқу-ағарту жайлы ойларына ойысатын болсақ, ол «Оқу-оқыту ісі әлі жөнделген жоқ» атты жазбасында қазақ-қырғыз арасында сауатсыздық мәселесінің сын көтермей тұрғанын былайша байыптап жеткізеді: «… Кеңес хүкіметі құрылып бостандық туғаннан бері қарай сөйленіп келе жатқан сөздердің ішінде жаманы жоқ.

Талай жылы әңгіме, сұлу сөздер айтылып та, жазылып та келеді. Бірақ сонда да болса әлі оныменен өзгеріп кеткен жұмыс жоқ. Ел орнында, жұрттың баяғы қалпы, баяғы салты.

«Ағарту жұмысы һәр халықтың ана тілінде жүрілсін!» деп Кеңес хүкіметі бірінші туған күнінен бастап жариялады.

Кеңес хүкіметінің осы негізін, осы жақсылығын біз пайдалана алдық па?

Жоқ! Ол һешкімге жасырын сыр емес!

Сондықтан біздің қазақ-қырғыз үшін де ең керектің ішінде керектісі оқу-оқыту жұмысы еді.

Мәдениетіміздің жүдә нашар, білім тіпті аз, жабайының аз-ақ алдында, мәдениетті жұрттардың көш соңында жүргендігімізге қарамай, ана тілінде оқу кітаптарының тағы жоқ екенін ескермей, қолымызда не бар, не жоғын тексермей, шын адамшылық дәрежесіне жетудің шарты әр халық өз тілінде білім алып, өнер үйренуде деген ұранды қолданып, бар күш-қуатымызды ұлт мектептерінің санын көбейту, сансыз жерден курстар ашу, шала пісірілген мұғалімдер шығарылу жолына сарп етілді».

Шындығында да қашанда төтесінен жүріп, тура сөйлейтін Тоқтыбаевтың бұл толғанысы қарап жүргенше деп қағазға түрте салған қалыпты көп мақаланың бірі емес, онда қоғамның ащы ақиқаты, есесі кеткен елдің ертеңгі һәм бүгінгі мәселесі менмұндалап тұр. Автордың өзі ақтарыла айтқандай, сол кезде «социализмнің сыйы» деп асыра мақталған, бірінен соң бірі дамылсыз ашылған ұлт мектептерінде үш-төрт айлық қана мұғалімдер курстарынан оқып келген жартыкеш мамандардың тәжірибесіз тәлімінен оқу жайының оңалып кетуі де, ағарту саласының айы оңынан тууы да беймәлім болатын.

Яғни, ел елең еткен үш-төрт айлық мұғалімдер курсының оң нәтиже бермей,  оны бітірген оқытушының оқу жұмысыменен ісі болмай, ай жарықта адасуының түбі абырой әпермейтінін тап басып таныған Тоқтыбаев та өз ойын «Тоқпағының түрі анадай болған соң қазығы қайда бармақшы? Тоқпақ нашар болса, қазығы жерге кірмейді» деп түйіндей қорытады. Яғни, ол ұлт мектептерінде білімнің дұрыс берілмеуі мектептердің саны артқанымен, сапасының төмен болуынан екенін елеп-екшей келе, аты бар да заты жоқ ағарту ордаларының көптігіне күпсініп, куәлік қағазды қалтаға басқан білімі төмен мұғалімдерді лек-легімен жеделдетіп оқытып, ауыл-аймаққа алақайлап аттандырғанмен бұл саланың бағы жана қоймағанын жан-жүрегімен айтып, жалтармай жайып салады. Бұл мақаланың маңыздылығы да сонда – алға басқан қадамы кері кеткен ағарту саласы шын мәнінде ақсап тұрған болатын. Дегенмен автор осынау тақырыпқа газет редакциясында жүргенде тағы да қайта оралып, бірқатар мақалалар жазады. Солардың бірі ретінде «Оқу жұмыстары жұртшылықтан туып, жұртшылыққа құрал болуы тиіс» деген тұшымды дүниесін атап көрсетуге болады.

Турасын айтқанда, Алаш зиялы қауымының, Кеңес үкіметі қайраткерлерінің дені ашаршылық жайындағы ащы шындықты іші-бауыры езіліп жеткізе алмаған. Ал Иса болса БАҚ-қа салынған бұғау мен қысымға қарамай, бұл нәубеттің қазақты қалай қырғынға ұшыратқанын боямасыз жеткізеді. Бұлтармай биік мінберлерден де ашық айтады. Демек, ол біздіңше «социализм сыйлаған ғажайып қоғам», «езілген бүкіл еңбекшінің достығы» секілді қияли қағидаларға бой ұрмай, «коммунизм кереметі» сияқты әпсанаға қаламын қор қылмай, бөсуден қолы босамаған биліктің назарын аштықтан бұратылған бұқараның тіршілігіне бұруға барынша тырысып бағады.

«Бір заманда қымызын сапырып, қазы-қартасын жеп, төрт түлік малын Сарыарқаның сары жонына сыйдыра алмай, сәулетпенен көшіп-қонып жүрген дәуір бітіп, Қазақстан қазақтары енді қырғынға ұшырап, рақымсыз аштықтың уысынан шыға алмай отыр.

Ашыққандардың хал-жайы туралы жас орнына екі көзінен қан ағатындай, кісі күйініп, жанашырлық тілей үгіттеу сөздер өткен жылғы күзден бері қарай жазылып та, айтылып та келеді.

Ашыққан Арқа қазақтарының халі бек нашар екенін, газеталар арқылы келіп жатқан қайғылы хабарлардың шын екенін араласып жүріп көзбенен көремін деген кісілер Бөкей, Орал, Ақтөбе Қостанай губернияларына барса, басына қара күн туып, апатқа ұшырап, сары қымыз орнына қан жұтып, жал менен жая орнына сасық күзен, құрт-құмырсқа, өлексе, тіпті кейбір жерлерде ашыққаннан ашынып өз баласын, көзінің ағы менен қарасын өз қолыменен бауыздап, ішуге үнем, киюге киім таба алмай қойдай қырылып жатқан қазақтарды көрер еді…

Ілгері малдарының күйлі, шаруаның жайлы, заманының жақсы күндерінде қай қазақ өз баласының етін жейтін екен? Шаңырағым қурап, керегем жиналар деп ойлаған қазақ бар ма екен?…

Елдің бір шеті осында орасан төтеннен келген бәледен қырылып жатқанда, малы аман, басы сау Түркістан қырғыз-қазақтары қайғырып, қатты күйініп, мойнындағы борышын атқарып, ана сүтін адалдау үшін жылулауы тиіс.

Қазақстаннның ашыққан қазақтарының халін жеңілтіп, ел санына ендіруде әрбір ел басшысы, жұрт иесі деген азамат өз міндеті, өз жұмысы санап, жатса да, тұрса да жай әңгіменің арасында да аштықтың жеңіл жау емес, одан жұрт қырылып, ел бітіп бара жатқанын халыққа аңғартып, қызыл көнермелеп, жылу жиып, жатпай-тұрмай жедел қимылдап, ашыққан қазақтар үшін жиылған астық бар ма, аяқты мал бар ма, барлығын тоқтатпай тиісті ашыққан орындарға жеткізу керек.

…ел болайын, жұрт қатарына енейін деген ел «өле жегенше бөле же» деген өзінің ілгергі ескі ата жолына, ізіне түсер еді. Бірақ ол болған жоқ. Сонда да болса жұрт бірінен-бірі құлақтанып, азды-көпті көмегін аянған жоқ.

Енді аштықты жеңу үшін Түркістан қырғыз-қазақ азаматтары тегіс атқа мініп, аянбай істеулері керектінің ішіндегі ең керектісі.

Және де Түркістан жігіттерінің мойнына жүктеліп отырған бір үлкен борыш –  осы екі жетілік кезінде һәм тағы бөтен түрлі жолдарменен аштар үшін жиналған астық һәм аяқты малдарды кешікпей ашыққан жерлерге жеткізу.

Астықты темір жолменен жеткізудің амалы табылса, аяқты малды қара жерменен айдап алып бару қиын емес.

Осыны қыс түспей, күн ілгері ескеру керек. Өйткені қыс ішінде аяқты малды айдап жеткізу мүмкін емес. Және де қазір бір күн кешігу талай кісінің аштықтан қырылуыменен байланысып отыр».

Алаш жұртының басына төнген азалы күнді, алапат аштық жайлы ащы шындықты мұнан артық қалай қапысыз жеткізуге болады? Қаламгердің шеберлігі де сонда, шағын ғана мақаланы жан-жүйеңіз босамай, сай-сүйегіңіз сырқырамай оқу мүмкін емес. Өйткені қан сасыған Сарыарқа даласын көз алдыңызға келтіретін қасіретті суреттер мақаланың өн-бойында тұнып тұр. «Қазіргі үлкен борыш –  аштықты жеңу» атты Ақмешіттен жолданған осы жанайқайдың тарихи шындықты тануда маңызды дерек болатыны да дау тудырмаса керек.

Осы тұстан қайраткердің өмір жолына қайта оралар болсақ, «Ақ жол» газеті жабылып, Алаш үні бәсең тарта бастаған кезде  И.Тоқтыбаев Ақтөбеде жер басқармасының бастығы бола жүріп, агрономдардың съезін ұйымдастырды,егіндік, шабындық жерлерді  бөлу ісімен бел шеше айналысты. 1927 жылдың ақпан-мамыр айларында Семейдегі «Қазақ тілі» газетін басқарып,  «Балықшы» бүркеншік атымен, «Т-И», «Иса» деген қолтаңбамен көптеген өзекті мәселелерді көтерді, мәні бөлек мақалаларымен қоғамдық санаға қозғау салды.

И.Тоқтыбаев 1927-1930 жылдары Орынбордағы пединститут директоры, соның жанындағы жұмысшы факультетінің меңгерушісі және Қазақ АССР Халық ағарту комиссарының орынбасары болып жүргенде де ел үшін елеулі істерге бастамашы болып, бұқараға қалтқысыз қызмет етті.

Бір айта кетерлігі, 1920 жылдары И.Тоқтыбаев «Сәуле», «Сана»

сияқты қоғамдық-саяси, әдеби журналдарымен қатар сатиралық журнал «Шаншарға» да ара-тұра редакторлық етіп, баспасөздің өрісін кеңейтуге үлесін қосты.

1930 жылы күзге қарай Қазрайком Исаны Ленинградқа оқуға жіберіп, Герцен атындағы пединституттың аспирантурасына түседі әрі марксизм-ленинизм институты Ленинград бөлімшесінің қасынан ашылған Қызыл профессура курсына тыңдаушы болып қабылданады. 1932 жылы оқуын ойдағыдай бітірген И. Тоқтыбаевты қалалық партия комитеті кеңестік Шығыс халықтары курсына ректор етіп қалдырады. Ленин атындағы әскери-саяси академияда да КОКП тарихынан лекциялар оқиды.

Ел сөзін сөйлеп, халықтың қамын күйттеген Иса 1933 жылы-ақ сол Ленинградта қуғындау құрығына ілініп, тұтқынға алынып, 58-баппен он жылға сотталып, Карлагқа айдалып кеткені белгілі.

Тағдырдың тәлкегін әбден көрген оның ісі В.В. Куйбышевтың көмегімен қайта қаралған соң ғана 1936 жылы тас бұғаудан босап, Ленинградқа оралды.

Дегенмен Иса Тоқтыбаевтың қалай жазаланғаны уақытында ашық айтылмады. Сол себепті оның өмірінің кей тұстары жұртқа беймәлім күйінде қалды. Бір жағынан Тоқтыбаевтың бір­беткейлігі де өзіне соққы болып тиген сияқты. Мұны қаламгердің өзі де мойындап, былай деп жазғаны бар екен:

«Кезінде Голощекиннің солақай саясатын әшкерелеп, оның өрескел қателіктері мен партияның нұсқауынан тыс әрекеттерін, есерсоқтық қылықтарын көрсетіп, партия басшылары Иосиф Сталин мен Лазарь Кагановичтің аттарына хат жолдағанмын. Осыны Голощекин кешіре алмады. Көпшілік алдында: «Мен оның жазасын тарттырамын!» — деп талай рет қорқытып еді». Кейінірек оның бұл қаупі шынға айналып, Қазақстанның ОГПУ органдары Голощекиннің тікелей тапсырмасы бойынша Иса Тоқтыбаевтың үстінен «Джайлас» деген жасырын атпен іс қозғап, қалайда оны ойдан шығарылған, 1930-1933 жылдары белсенді түрде өкіметке қарсы жұмыс жүргізген ұлттық-контрреволюциялық ұйымның мүшесі етіп көрсетуге жанталаса кіріседі. Жазықсыз жала жабушылардың таққан айыбына қарасақ, бұл ұйымның «Тюркская народная партия» деген бөлігін Мустанбаев, Мәскеудегі жастардың жасырын кеңесін Тоғжанов пен Есқараев, шетелдегі «Независимое Туркестанское государство» ұйымын Бірімжанов пен Шоқай, оның Орынбордағы бөлімшесін Қаржаубаев, Ленинградтағы филиалын Иса Тоқтыбаев  басқарған-мыс.

Осынау негізсіз айыптаудың ақыры жақсы болмайтынын сезген қаламгер де өзін ақтап алу үшін жоғарыға сан мәрте хат жолдаған. И.Тоқтыбаев осындай арыздарының бірінде:

«Тергеуші Иванов жауап алу кезінде қолынан тапаншасын тастамайтын. Аузын маған қаратып, көрер көзге ғана оны тазалайтын.

Тергеушілер әзірлеген хаттамаларға жалған болса да қолыңды қоя бер. Бұл партияға керек. Орталық партия комитеті біледі»,-деп ақыл бергендерін жазады. Бұл құйтұрқы әрекеттерінен де түк шықпағасын  ұрып-соғып, бірнеше қабырғасын сындырып, талай күн ашықтырып, ақыр соңында дегендеріне жетіп, хаттамаларға қол қойдырып алады. Осылайша И.Тоқтыбаев бір сәтте бар-жоғы белгісіз ұлтшыл-буржуазияшыл ұйымның белсенді мүшесіне айналып шыға келеді.

1937 жылдан 1938 жылдың қаңтарына дейін КСРО халықтарының этнографиялық музейінің ғылыми бөліміне басшылық еткен И.Тоқтыбаев 1938 жылдың басында екінші рет тұтқындалды. Тағы да тінту, тағы да қорқыту, қорлау, арға тию, түрмелер табалдырығын тоздырып, түрме тесігіне телміру басталып, Иса Печераға айдалды. 1947 жылы Иса арып-ашып елге оралды. 1949 жылы оны “саяси сенімсіз адамға мұнда тұруға болмайды” деп Красноярск өлкесіне жер аударды. 20 жыл айдауда жүріп ауыр бейнеттен қажыған Иса 1966 жылы дүние салды.

Сонымен қорыта айтқанда, белгілі қоғам қайраткері, қазақ журналистикасында өз сүрлеуін қалдырған әдебиетте де мол мұрасы бар тілші Иса Тоқтыбаев туралы толғам мұнымен шектелмеуі тиіс деген ойдамыз.  Өйткені оның өмір жолы, шығармашылық мұрасы бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі тұтар өнеге, үйренер үлкен мектеп екені анық.

 

Ғалым  Қасымхан,

Асан Үсіпов,

М.Әуезов атындағы ОҚУ,

Жоғары оқу орнына дейінгі

дайындық орталығының

аға оқытушылары.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.