Толқын ағаның толғанысы
Төсіңде көктем талай алмасты-ау,
Жылдардың жығып желкенін.
Қимасым едің, Қарағайбастау,
Қиырда қалдың, қайтемін…
Жаңғырықтардай жартасыңдағы,
Санама сіңді сансыз мұң.
Қараша үйдің қалқасындағы,
Қайда екен, шіркін, қамсыз күн.
Арзуымды айтып арлы қауымға,
Пәниден мен де көшермін.
Маңғаз кейіпті Майлы тауымда,
Бейіті қалды әкемнің…
Бостан елді іздеп болашаққа ергем,
Байрағы – бүтін, демі – от!
Дертіне көптің дауа тапқанмен,
Сағынышымның емі жоқ.
Қатпарлы таудың көлеңкесінде,
Қалғып кеткесін қара шал.
Тәркі дүниенің келем көшінде,
Тағдырмен күш жоқ таласар.
Өзгергенімен өгіз аяңым,
Жүректі бір шер сығымдар.
Қоңыробадай қоңыраямын,
Қырқаларды аңсап құлын жал.
Тұнық тұмасы түсіме енеді,
Бұлағы саумал Жайырдың.
Кермиық өлең кісінеп еді,
Қыратқа шығып, қайырдым.
Туған ауылда қос тігіп қалған,
Бауырды қалай қия алам?!
Жанарда содан жас тұнып қалған,
Жүрек те соған жиі алаң.
Ақ бұлақтардай шапқылап аққан,
Баянсыз ғұмыр өттің-ау!?
Алдымнан аппақ атты да ақ таң,
Самайды шалды ақ қырау.
Аңсаймын албырт шақтарды кілең,
Көктемін іздеп көшемнің.
Үміті бірақ ақталды білем,
Шағантоғайлық шешемнің.
Мөлтек бір сырды ақтара кетем,
Тазалық қана тән оған.
Бала бейнемді сақтаған екен,
Жан қалтасында жан анам.
Жазмыштың кері көші қайтқан ба?!
Дауасыз білмес дертімді ел.
Егілдім мен де осыны айтқанда,
Сүйекке түскен кемпірлер.
Сынақ-өмірдің сабылысында,
Адаспай өтсең – анық құт.
Жүрек тұсына сағынышын да,
Жасырған екен, жарықтық…
Бұлдыр да бұлдыр бұрынғы күннің,
Осындай боп тұр дерегі.
Жүрегі дертті жанның бәріне,
Үміт сыйлағым келеді…
Үмітсіз емеспін…
А. Үсіпов.