ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Оған облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде індеттің таралуын ауыздықтау үшін Төтенше жағдай және карантин режимін бұзғандарға қатысты шараларды қатаңдату қажеттігін айтты.

– Қатаң санкцияларға көшетін уақыт жетті. Сонымен қатар тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында тіркелген деректерді БАҚ-та кеңінен жариялау керек. Халық баратын қоғамдық орындарда санитарлық тазалық талаптары сөзсіз орындалуы тиіс. Мұндай жағдайда «үнемдеуге» және «оңтайландыруға» жол жоқ. Мемлекеттік комиссия Қарулы Күштерді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және басқа да ірі қалалардың көшелерін дезинфекциялауға тарту тәртібін айқындауы қажет, -деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдерден, оның ішінде Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа мүше елдерден келген барлық адамдарды карантинге жатқызуды тапсырды. Мемлекет басшысы Төтенше жағдай және карантин кезіндегі жұмыс тәртібін әзірлеп, оны барлық азаматтар мен бизнес өкілдеріне жеткізу, сондай-ақ, халыққа медициналық мекемелердің жаңа жұмыс режимін түсіндіру керектігін атап өтті.

Мемлекет басшысы жұмыссыз жастарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тиісті жалақы төлей отырып, оларды су тасқынына қарсы іс-қимылдарға, көктемгі егінге, құрылысқа және басқа да жұмыстарға тартуға шақырды.

– Үкімет пен әкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмыстарына тартылған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өзге де мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырамын, -деді Мемлекет басшысы.

Президент төтенше жағдай кезінде айыппұлдар мен өсім­пұлдарға қатысты бұған дейін қабылданған тыйымдардан бөлек, дағдарыстан зардап шеккен халықтың барлық займдары бойынша қарыздың негізгі бөлігін және сыйақысын тоқтата тұру қажет деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (42 500 теңге) төлей бастауды тапсырды. Жалпы мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында барлық қазақстандықтарды бірігуге, осы күрделі жағдайдан сабақ алуға және ахуал тұрақталғаннан кейінгі жағдайда қажет болатын жаңа жүйелі әдістер іздеуге шақырды.

– Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, екіншіден, бұл – мүмкіншілік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі құбылыс. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу. Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін, -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 «Ақорда».

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.