«ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ ӨҢІРДЕ СӘТТІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Жуырда еліміздің саяси, экономикалық және қабылданған бағдарламалық құжаттар аясында партияның атқарған жұмысы қорытындыланған кеңесте онлайн режимде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі партия тарапынан атқарылған жұмыстар жайы мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының облыста іске асырылу барысын баяндап берді.
Онда әкім білім саласында балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және есепке алу, орындарын алмасу процестері автоматтандырылғанын айтып, мұндай шешім республикада бірінші рет іске асырылғанын көрсетіп өтті.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру біздің ерекше назарымызда. Бұл бағыт бойынша облыста жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Цифрландыру білім саласында да сәтті енгізілуде.Мәселен, бүгінде балаларды балабақшаға қабылдау автоматтандырылған. Қазіргі уақытта бұл қызметтің түрі бойынша 98 172 өтінім келіп түсіп, 30645 бала электронды өтініштер арқылы балабақшаларға жіберілді. Бұл жүйе Шымкенттегі 459 мектепке дейінгі ұйымдарда енгізілді, ол 100 пайызды құрайды»,-деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Елбасыға денсаулық сақтау саласында облыс аумағындағы 69 емханада кешенді медициналық ақпараттық жүйесі енгізіліп, бұл «дәрігерді үйге шақыру», «дәрігердің қабылдауына жазылу», «медициналық ұйымға тіркелу» сынды қызметтерді алуға мүмкіндік туғызғаны туралы баяндап өтті.
Өз сөзінде әкім облыс көлеміндегі барлық 15 аудан орталығы, 181 ауыл округтері және 834 елді мекендердің картасы цифрлық форматқа көшіріліп, ондағы әрбір құрылыс нысаны «Мекенжай тіркелімі» деректер қорымен сәйкестендірілгенін айтып өтті. Аталған цифрлық карта негізінде бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша таза су жеткізу тораптары толығымен енгізілді және техникалық шарттарды беру үдерісі автоматтандырылды. Бұдан бөлек цифрлық карта ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, су қорғау белдеулері, ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскілері туралы ақпаратты қамтиды
А.ЖАЙЫМБЕТОВ.