Түлкібаста ашық есік күні өтті
«Азаматтарға арналған үкімет» мемелекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жеңісбаев «Халыққа жақын бол» акциясы аясында Түлкібас ауданы тұрғындарымен кездесіп, азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ашық есік барысында тұрғындар өзін мазалаған түйткілді сұрақтары бойынша толық жауап алып,мемлекеттік қызметтер көрсету саласының жаңалықтарымен танысты. Корпорация қызметкерлері іс-шараға келген тұрғындарға Egov mobile, EgovKzBot қосымшаларын ұялы телефондарына жүктеп беріп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу әдістерін үйретті.
Кездесуге келген азаматтардың дені жер кадастры, жерге мемлекеттік АКТ алу және әлеуметтік қамтамасыз ету салалары бойынша сұрақтарқойды. Сондай-ақ зейнетке шығу, жәрдемақы түрлері және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін мемелекеттік қызметтер де халықтың қызығушылығын арттырған мәселелер қатарында болды.
«Бүгінгі ашық есік күніне келіп қатысқаныма өз басым риза болып отырмын. Себебі біраз пайдалы ақпарат алдым. Мен Түлкібас ауданының тұрғынымын. Негізгі келген мәселем жер кадастры және жылжымайтын мүлік жөнінде толық ақпарат алу болатын. Жеке тұрғын үйімнің орналасқан жері мемлекеттік АКТ-де көрсетілген көлемімен сәйкес келмейді. Қандай әрекет жасарымды білмей көптен ойланып жүрген болатынмын. Ал бүгінгі өткен қоғамдық қабылдаудафилиал басшысының өзі құжаттарымды қарап, нақты жолдарын көрсетті. Заң тұрғысында да кеңес беріп, түсіндірді. Қызметкерлерге рахмет айтамын», — дейді Тойшыбекова Күлайша.
Айта кетейік, «Халыққа жақын бол» акциясының мақсаты тұрғындардың өзекті мәселелерін анықтап, оң шешімін табуға ықпал ету, сонымен қатар, мемлекеттік қызметтер саласындағы жаңалықтар бойынша кеңес беріп, онлайн қызметтерді танымал ету болып табылады. Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар облысымыздың барлық аудандарында белгіленген кестеге сай өткізіліп тұратын болады.