Түнекке түскен тағдыр
Кеңестік дәуірдегі репрессия құрбандарын жаппай ақтау – азат елдің абыройлы міндеті. Бұл мақсатта мемлекеттік комиссия жүйелі жұмыстарды жүргізіп те жатыр. Ал сонау елуінші-алпысыншы жылдарда ақталған атпал азаматтарымыздың денін әлі де кейінгі ұрпақ біле бермейді. Өйткені олардың өмір жолына қанық емес, насихаты да нашар.
Тіпті бәзбірі туралы мұрағат құжаттары да мардымсыз. Осындай жазықсыз жазаланған жанның бірі – Ыбыраев Есмырза. Ол жайындағы аз-кем ақпаратты біз «КСРО-дағы саяси террордың құрбандары» атты ашық база деректерінен, ОҚО ҰҚК мен ҚР ІІМ мәліметтерінен ғана таптық.
Ел қамын жеген Есмырза 1893 жылы дүниеге келіпті. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Көксарай ауылының тумасы. Бала күнінде алған бастауыш білімі ғана бар қарапайым қазақ. «Халық жауы» деген жаламен жазалы болғанға дейін де осы облыстың Қызылқұм ауданында тіршілік еткен. Алты сыныпты бітірсе де, ауыл-аймағы «молда» деп қадір тұтқан иманды жан сол себептен де партия қатарына алынбаған сыңайлы. Алайда атеистік қоғам орнап, коммунизм орнатуға құлшына кіріскендер «тап жауы» деп тұқырта берсе де, тумысынан кісі баласына қиянаты жоқ Есмырза жаңа үкіметтің орнауын жөн көрген. Социализм саясатына да қарсы шықпай, тұтқынға алынғанға дейін алдымен Арыс ауданында колхозшы болып көппен бірге күн кешсе, кейіннен адалдығы мен адамдығы аудан басшылығына да аян болып, «Жартытөбе» колхозының председателі қызметін атқарады.
Негізі біз 1937 жылдың зұлматты қырғынының аталмыш жылдағы қуғын-сүргіннің жалпы сипатын білгенімізбен оның неге және не үшін һәм қалай басталғаны жөнінен көбіміз хабарсызбыз. Совет үкіметінің орнағанына бақандай жиырма жыл болып, одақтың қабырғасы нық қаланған 1937 жылдың өзінде Сталин елде социализмге қарсы тап жаулары мен кеңестік саясатқа жат пиғылды элементтер әлі де көп деп санаған. Ал Ежовтың «Оперативті бұйрығының» бір бабында «Жергілікті республика және облыс, сондай-ақ НКВД, ОГПУ басшылары өз өлкелеріндегі «халық жаулары» бұйрықта көрсетілген саннан көп деп есептесе, онда КСРО ішкі істер халық комиссариатына өтініш жазып, жазаланатын адамдардың санын арттыру үшін лимит сұрауға қақылы» деген жолдар бар еді. бұған сүйенген сол кездегі Қазақ ССР-ының басшысы Мирзоян Сталинге жағынудың жолы осы деді ме, әлде, ол да Голощекин сынды қазақ халқына деген жаулығын бір көрсетейін деді ме, кім білген, әйтеуір, Қазақстандағы «халық жаулары» бұйрықта көрсетілген саннан он есе көп деп, жоғарыға арыз берген.
Аталмыш зұлматта Шымкент қаласынан қанша адамның жазаланғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Сонда да болса, әр жерден сұрастырып, әр жерден жинаған дерегіміз бойынша, бір ғана 1937 жылдың өзінде Шымкент қаласынан төрт мыңға жуық адам жапа шегіпті. Жалпы, 1930 жыл мен 1952 жылдар аралығындағы үрейлі кезеңде қала шегінде жаламен 1500-ден астам адам атылып, 5 мыңнан аса кісі сотталыпты. Бұлардың арасында облпарткомның бірінші хатшысы Ә. Досов, облатком төрағалары Случак, қалалық парткомының қызметкерлері Жұманов, Қошқаров, Савициский, Торнадо, Беляков және Қорғасын, Химфарм зауыттарының, басқа да басқарма, трест, кәсіпорындардың басшылық құрамдағы бірнеше қызметкерлері, сондай-ақ қатардағы жұмысшылары бар. Қаладағы ондаған мешіттердің имамдары мен бұрынғы молдалары да қуғынға ұшыраған. Патша кезінде уездік, шаруашылық кеңселерінде қызмет еткен жүздеген кісілер аса ауыр жазаға кесілген. Сол жылдары атылу мен сотталу жазасына кесілгендерге үкімді «үштік комитеттер» шығарып отырған.
Біздің қаламызда 1937-1938 жылдарағы қуғын-сүргін кезеңінің өшпестей ізі қалған аса қасіретті орын бар. Ол – Шымкент қаласының солтүстік тарапында жатқан, жергілікті жұрт «Алабастысай» деп атап кеткен ескі өзеннің үлкен аңғары. Осы жерде 1930-1938 жылдар аралығында ату жазасына кесілген мыңдаған боздақтар атылған. Ол кезде бұл аңғардың түбі түрлі тал-дарақ басқан ну болған. Жендеттер ауыр жазаға кесілгендерді осы ну арасына әкеп атқан.
Көнекөздердің айтуынша, қуғын-сүргін кезінде осында атылғандардың көбісінің мәйіттері жөнді көмілмей, әппақ қудай сүйектері ашық-шашық жатады екен. Түн кездерінде осы аңғар маңынан ары-бері жалғыз-жарым өткен жандарға осы сайдан әлдекімдердің күңіренген, ыңыранған үрейлі дауыстары естіледі екен. Бұл аңғар өзі бұрыннан-ақ адамдарға қорқыныш тудыратын орын болғанға ұқсайды. Ол жерде бүгіндері сонау зұлматты заманның жазықсыз құрбандарын еске түсіріп тұратын, зобалаңды шақтарда арманда кеткен боздақтардың қияметті тағдырларын кейінгі ұрпақтың жадына құйып тұратын «Қасірет» мемориалы тұрғызылған.
Өкініштісі сол, жоғарыда айтқанымыздай, 1930 жылдардың аяғындағы қуғын-сүргін жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында репрессияға ұшыраған адамдардың нақты тізімі әлі күнге нақтыланған жоқ.
Бұл деректер белгілі тарихшы, шежіреші Момбек Әбдәкімұлының «Шымкент қаласының тарихы» атты еңбегінен алынып отыр. Шынында да жаппай репрессия жылдарында арыстарымыз бен азаматтарымызға тағылған айып біреу ғана – «ұлтшыл-диверссиялық ұйымның мүшесі болды» деген сандырақ. Мұндай жаламен жер түбіне айдалғандар да, тас түрменің тасалы бұрышында атылғандар да аз емес. Мәселен, кезінде Келес аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Ержанов Бақыт Мирзоянға жолдаған шағымында былай дейді:
«… Мен 1937 жылдың 30 шілдесінде қылмысым болмаса да құрықталдым. Тергеушілер тастай суық камерада тікемнен тік тұрғызып қойып, түнді таңға жалғап тергеп, айызы қанғанша аяусыз сабады. Жалған куәгерлік қағазына қорқытып, күштеп қол қойғызды. НКВД жендеттерінің жолын ашқан бұл қағазға мен амалым құрып, ұлтшылдық контрреволюциялық ұйымның мүшесі екендігімді, аудандық партия комитеті секретары Сәдуақас Османовтың сенімді серігі болғандығымды растап қол қойғанмын. Шындығында идеологияға шаруа халықтың шырқын бұзатын шетін іске бармаған сияқты еді. Тіпті үш ұйықтасақ түсімізге де кірмеген сұмдық. Озық ойлы Османовпен 27 ай бірге істес болып жүріп жаман әдетін де, жат мінезін де көрген емеспін. Ең бір егіле өкінетінім сол ұйымның мүшесі ретінде тергеушілер өзі алдын ала тізіп жазған 18 адамның (Қарлыбаев, Беседин, Палманов, Қараходжаев, Случак, Құлетов, Кенбаев т.б.) нақақтан-нақақ обалына қалып, атың өшкір айыптау қорытындысына тағы да қолымды қонжитты.
Олардың көбі Келес ауданы райактивінің мүшелері тұғын. НКВД 4-бөлімінің тергеушісі К. көктен іздеген контрревоюционерлері жерден табылғанына балаша қуанып, бетіне қан жүгіріп, олардың санын 20-25 адамға қалайда жеткізуі керектігін, жеткізетінін де айтып қол астындағыларына қоқиланып жатты. Содан не керек, мен Келес ауданындағы мал шаруашылығына зиянкестік еткендердің зау басында мен, өрлеп келе жатқан мақта өндірісін өлімші жағдайға жеткізген Османов, қамбадағы астықты талан-тараж қылған Қарлыбаев пен Палманов, еңбекшілердің рухани тоқырауына тосқауыл болмаған Усманов айыпты саналып шыға келдік. «Жаз да қол қой, қалғанын өзіміз реттейміз» деп дікеңдегендерге сол кезде сес көрсеткенімізбен, бала-шағамыздың басына қатер төндіруден тайынбайтынын ескерткесін тіпті есіміз шығып, тиісті қағаздарына ың-шыңсыз қол қойып бердік. Содан камераға келіп, арандатушылар құрған тұзаққа қалайша оп-оңай түсіп қалғанымды түйсінбей ағыл-тегіл жыладым. 12-16 тамыз аралығында кезекшіні қайта-қайта шақырып, жалған куәлік бергенімді жалынып айтып, әлгі К. деген көркөкірек басшыға тергеуге апаруын сұрап өлердей өтінгеніммен түк шықпады. Арыз жаза қоятын абақтыда қағаз, қалам да жоқ. Не керек бірге жатқандардың бәріне болған жайды баяндадым. Қайдан білейін, солардың арасында тұтқын кейпіне енген НКВД адамдары да болады екен ғой. Ертеңіне ғайыптан тайып К-нің кабинетінен бір-ақ шықтым. Бірбеткей басшы қатулы. Әнеукүнгі жылы күлкісінің ізі де жоқ. Салған жерден «Сен жақсылықты білмейтін жау екенсің. Белименко бізге бәрін де жеткізді. Бұл жерде қабырғаның да құлағы бар, соны анау саңылаусыз мыйыңа түйіп қой. «Жазған куәлігімнің бәрі жалған. Қайтсем де қыбын тауып, НКВД қызметкерлерінің бұл қиянатын Сталин мен Ежовтың құлағына жеткіземін» депсің ғой. Сендей сілімтікті ату аз» деп жыландар мен тышқандар өріп жүрген көрдей қараңғы қапаста 30 тәулік қинады. Күніне беретіне – көгеріп кеткен бір тілім нан. Су жоқ. Төбеден аққан тамшымен таңдай жібітемін. Бір күні балаларымның суретін алдыма тосқасын, айтқанымның бәрін жоққа шығарып, айыбымды қайта мойындауыма тура келді. «Сен бәрібір үштіктің үкімімен атыласың» деп әбден зәремді алған әзірейілдер жарығы да, ауасы да жоқ камерада 10 қазаннан 5 қарашаға дейін ұстады. 5 қазанда мені ату жазасына кесілгендерге арналған арнайы бөлмеге жауып, ақыры сағымды сындырды. Кешегі достың көбін сатып, құжаттарына қол қойдым. Сөйтсем олар да дәл солай қол қойып берген екен. Осылайша тағдырымыз шешілді,- деп басынан өткен бар қиындықты жайып салса, 1937 жылдың 24 желтоқсанында «халыққа жау болғаны үшін, колхозға қастандық ұйымдастыруға әрекеттенгені үшін қамалған Дауылов Қауыл да сотты болып, азапты 10 жылын концлагерьде өткізеді. 1937-1941 жылдарда Амурдағы Комсомольск, 1941 жылдан Еврей автономиялы облысындағы «Никита» совхозына еріксіз айдалып, ел-жұрттан жырақтап кетеді. Қауылдың да қамалу оқиғасы басқалардыкімен бірдей. Олар 15 адам болып әбден ойласып, оңтайлы сәт туғанда еліміздегі кеңес билігін қарулы күшпен құлатуды көксеген, сол іске антикеңестік ұйымның аймақтағы филиалын жұдырықтай жұмылдырған жау-фашистер екен.
Ешқандай ұлтшылдық ұйымның бар-жоғын білмеймін. Білгім де келмейді. Кеңес үкіметіне қарсы ешқандай күреске де қатысым жоқ» деп талай тепкі көрсе де, тастай қатып, тән алмағанымен, айыпталушы Байматов ұлтшылдық ұйымның мүшелері ретінде Әбдіразақовты, Дауыловты, Сатыбалдиевті, Ырсыметовты, Мырзаевты көрсетіп берген соң оған көпке ұзамай «Шпиондық-диверсиялық ұйым насихатын ұлты өзбек азаматтар арасында күшейтті. Парторг болып жүргенде мақта түсімі жайлы жалған ақпар таратты» деген айыппен 10 жыл берілсе, әлгі 15-тің үшеуі ату жазасына кесіліпті. Табандатқан 10 жылды түгел отырып шыққан Дауылов концлагерден дімкәс болып 1948 жылы бір-ақ оралады. Ол шақта жасы да пайғамбар жасынан асып, 65-ті алқымдап қалған екен. Әйелі Момын, ұлдары Нысанбай мен Төлебай, қыздары Ұмсын мен Нұр да «халық жауының жанұясы» деген тергеу мен түртпекке, аштық пен азапқа төзе алмай әлдеқашан дүниеден өтіп кеткен екен.
Олар әкелерінің КСРО Жоғарғы сотының 1951 жылғы 7 мамырдағы шешімімен ақталғанын көре алмапты. «Тірі адам тіршілігін жасайды» десек те, 70 жасында қайта үйленіп, Тельман колхозына колхозшы болып жұмысқа орналасқан Қауылға жұрт бәрібір күдікпен қараған сияқты. Ешкім де үйіне бас сұқпай, жат адамдай жақын тартпапты. Әлдекімнен қалған, тозығы жетіп құлағалы тұрған жеркепеде өмірінің соңын өткеріпті. Не кереуеті, не үстелі жоқ, тозығы жеткен көрпе-төсегі де төсеніш деуге келмейтін, шатыры пәс, қар мен жаңбыр суы саңлау-тесіктерінен тамшылап тұратын ит байласа тұрғысыз баспанада 1967 жылы 2 сәуірде Қатынкөпірде қайтыс болған қария «Көзім жұмыла қалса жерлейтін жанашыр жұрт та табыла қоймас» деп қорқып, өз көрін өзі алдын ала дайындап қойыпты.
Міне, тұлғаларымыз тартқан азапты ғұмыр ақиқаты осындай. Тіпті, олар ақталған соң 20-30 жыл өтсе де баяғы әуенінен танбаған еңбектер елге ұсыныла беріпті. Мәселен, «Қазақстан Коммунистік партиясы тарихының очеркі» атты (екінші басылым, 1985 жыл) кітапта «… Сәдуақасов, Ходжанов, Мыңбаев және басқаларының тобы шын мәнінде және күрес әдісі бойынша ауылдағы ауқатты топтардың ықпалын бейнелейтін әрекеттегі топтар екенін атап көрсетті…»
«… 20-жылдардың басынан бастап республикада басшы қызметтерде болған С. Ходжановтың тобы да осындай ұлтшылдық позицияда болды. Бұл топ қазақ ауылындағы революциялық өзгерістерге және қанаушы элементтерге шабуыл жасауға қарсы шықты, республиканың халқы арасында ұлт араздығын қоздырды. Ходжановшылар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасып, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жариялады…» депті.
«Бұл екі үзіндінің екеуі де біз жоғарыда атап кеткен «очерктен» алынып отыр.
Ал, бұған не дейсіз? Ертеде емес, осыдан санаулы жылдар бұрын жарық көрген еңбек. Ғылыми еңбек. Бір топ ғалымдарымыздың ой түйіндеуі.
Міне, ескіше ойлаудың, біреулердің айтқан пікірлерінен алыстап кете алмаудың бұлтартпас мысалы осы. «Жоғарыдағылар солай деді ғой, біз де соның ығына жығыла салайық» деген принципсіз ой, тайғанақ түйін осылай туындап отырған.
Бұл қашанға дейін созылар екен әлі!.. Осылай кеткеніміз-ақ па!..».
«Шәуілдір» совхозына қоныс аударғанда да қаракөл қойын өсіретін шаруашылыққа көмекші шопан бола жүріп тындырымды еңбегімен танылып, 1944 жылы аға шопан атанады.
Ол – Оңтүстік өлкелік партия комитетінің пленум мүшесі, 1962 жылы ел делегациясымен бірге Моңғолияға тәжірибе алмасуға да барып қайтқан еңбек ардагері.
1951 жылы Жорабекқызы Сұлуханмен жанұя құрып, 1973-1975 жылдарда Шәуілдір совхозының №1 фермасын басқарса, 1976 жылдан 1995 жылға дейін осы совхозда шопан болған. 1988 жылы ауданда алғашқы болып фермерлік шаруашылық құрып, жемісті жетістіктерге қол жеткізеді. Сол 1988-1991 жылдарда ол басқарған фермерлік шаруашылықтың толғай табыстарын көпке үлгі ету мақсатында тәжірибе алмасу семинарлары да ұдайы ұйымдастырылып, деректі фильмдер де түсірілген екен.
Ал Есмырзаев Хайролла 1961-1963 жылдары Қарағанды кеңес-партия мектебін зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, Қызылқұм аудандық партия комитетінде нұсқаушы бола жүріп, 1965-1970 жылдары КОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне сырттай оқып тәмамдайды да, 1980 жылға дейін Көксарай ауылындағы жұмысшы комитетін басқарады. 1980-1984 жылдары Ақынтоғай ауылдық кеңесінің төрағасы, 1984 жылы Халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметінде болады.
Осы тұста Құдайбергеннің білікті ұлы Бауыржан Есмырзаев турасында да айта кетер болсақ, ол 1963 жылы 6 ақпанда Қызылқұм ауданы, Шәуілдір совхозы, Жанкелді елді мекенінде жарық дүниеге келген екен. 1979 жылы М. Әуезов атындағы орта мектепті бітіріп, еңбек жолын сол асыл тұқымды қой совхозында көмекші шопан болып бастайды да, 1982-1985 жылдарда Шымкенттегі политехникумында білім алады.
1985-1990 жылдары №81 Геологиялық барлау экспедициясының құрылыс мастері, 1999-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан монтаж басқармасында механик, 2004-2005 жылдары «Шымкент химмонтаж» ЖШС-да гараж меңгерушісі қызметтерін атқарса, 2009 жылдан «Мелио-Сервис-Е» ЖШС директорының орынбасары. Жары Рая екеуі төрт қыз тәрбиелеп өсіріп отырған өнегелі отбасы.
Қорыта айтқанда, саяси репрессия құрбандарына қатысты сан алуан деректерді саралай сүзгіден өткізе отырып, Ыбыраев Есмырза секілді есімі ел жадында қалған өңіріміздің өр перзенттерінің өмірі мен қоғамға арнаған қызметін зейін қоя зерделеп, зерек жасқа үлгі ете білсек – борышымыздың орындалғаны. Өйткені, өз тарихын сүйген өскелең ұрпақ қана Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ете алады.
Асан Үсіпов,
Ғалым Қасымхан,
М.Әуезов атындағы ОҚУ, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының аға оқытушылары.