Тұңғыш республикалық əн байқауы Шымкентте

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының және мемлекеттік «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Исраил Сапарбайдың 75 жасқа толу мерейтойына арналған «ЕРКІНДІГІМ – ЕЛДІГІМ» республикалық ән байқауы өтуде.
Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық байқауды ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының және мемлекеттік «Парасат» орденінің иегері И.Сапарбай жəне облыстық мəдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шарафиева Ғалия Аликенқызы құттықтау сөзбен ашып берді.

Байқаудың мақсаты —  сазгердің шығармашылығын кеңінен насихаттау, дәріптеу, оның әндері арқылы елдің рухын биіктетіп, қазақ эстрадасының дарын иелерін анықтау және олардың орындау шеберліктерін арттыра отырып, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету болып табылады.
Исраил Сапарбай 160-тан аса әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы.
Байқаудың  құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі. Ұйымдастырушылар — Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі және облыстық мәдениет  басқармасы.
Қазылар алқасының төрағасы —  композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,  «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Дүйсекеев Кеңес Дүйсекеұлы, қазылар алқасының мүшелері  — әнші, ҚР еңбек сіңірген артисі Жұмағалиев Сембек Қадірұлы, әнші, ҚР Мәдениет қайраткерлері Ахмұханова Айжан Рахымғалиқызы, Сейілбекова Үралхан Каналбайқызы, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының шеф-редакторы Атабек Мұхтар Орынтайұлы.


Үш кезеңнен тұратын байқаудың шарттары мен талаптарына сәйкес     18-35 жас аралығындағы жеке әншілер немесе топтық қатысушылар өз таңдауы бойынша азаматтық-патриоттық, балалар әндері, махаббат лирикасы, романс сынды түрлі жанрдағы тек автордың өз әндерін фольклорлық немесе эстрадалық бағытта табиғи дауыста орындауда.


Республикалық байқауға қатысуға еліміздің Алматы, Қызылорда, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қалаларынан  45 үміткер өтініш білдіріп, 18 үміткер екінші кезеңге жолдама алған болатын.
Жеңімпаздар 6 қазан күні, сағат 19:00-де Шымкент қаласы, «Түркістан» сарайында өтетін гала-концертте марапатталады. Гала-концертке ҚР еңбек сіңірген артисі Сембек Жұмағалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тіналиев және Шахизада Байпатшанова, қазақ эстрадасының әншісі Таңат Мамырхан және Оңтүстік Қазақстан облысының өнер майталмандары қатысады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.