«Тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетеді»
Бір елдің білдей азаматы С.Туребековтың лауазымдық қызметін талап деңгейінде атқара алмай, аудандағы білім саласының жұмысын «былықтырып» бітті деп, жан-жаққа арыз-шағымдарын жіберіп жатқандар да сол ауданның мұғалімдерінің өзі. Ашынғандары ма, әлде шынайы отаншылдық жанашырлыққа салынып, намысқа басқаны ма, әйтеуір «не молда, не сәлде тұрадыға» көшкендерін байқатып отыр.
Тіпті, С.Туребековтың бөлім басшысының орынбасары кезінде жасаған келеңсіздіктерін қазбалап, оның заңбұзушылыққа жол берген фактілерін қозғауға шығыпты. С.Туребековтың 19.05.2017 ж. сериясы БВ №4216360, 22.05.2017 ж. сериясы БВ №2003304; 01.06.2017 ж. сериясы ББ №30335224 санды уақытша еңбекке жарамсыздық парақшасы негізінде білім бөлімінің бастауыш кәсіподақ ұйымының №80 хаттамасымен жәрдемақы тағайындаумен заңбұзушылыққа барған мәселесін көтеріп, емхананың бас дәрігерінен «С.Туребековке берілген ондай «больничныйға» қол қойған емеспін» деген қолхат алып, «отты қайта үрлеуді» қолға алғаны тағы бар.
Жалпы С.Туребековты «орнына қоюдың» қолға алынғанын белгілі бір топтың мүддесі ғана деуге келмейтін сияқты. Мұнда бірнеше мектептің мұғалімдерінің де, білім саласы қызметкерлерінің де аты-жөні ашық жүр. Олар білім бөлімі басшысының өзінің лауазымдық қызметіне немқұрайлылық көрсетуінің нәтижесінде мектеп директорлары беталдылыққа кетіп, жемқорлыққа дәнігумен ел-жұртты шулатып, нысапсыздықтан қолға түсіп, темір тордың арғы жағында ұстаз-ана, басшы қазақ әйелдерінің үйдегі перзенттерін ойлап, «мүсәпір» болып отыруға жеткізілгеніне күйзеле шырылдап, әрі намыстанады.
Мектеп директорларының пара алу сорақылық фактілерінен бөлім басшысы С.Туребековты хабарсыз болды дегенге кім сене қояр екен? Мектептегі осындай сорақылықтарды тоқтатуға ниет білдіріп, бір батыл іс-шараны қабылдауға бастамашылдық жасай алмаған С.Туребековтың енді кімге өкпесі бар? Кеше қарамағында қызмет істеген, бүгінде түрмеде отырған қазақ әйелінің обалы кімге екенін ашып айта ала ма, С.Туребеков?
«Былыққа» белшесінен батқан С.Туребеков ауданда өзіне қатысты болып жатқан жайдан шынымен хабарсыз болғаны ма? Ол «тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетедінің» астарын шынымен түсінбей, тағы да «завро» болуға үміттеніп жүргені ме? «Әр кеудеде бір қиялдың» нағыз өзі шығар, бұл. Бірақ, мына заманда ешнәрсеге таңқалмайтын болдық қой.
Ә.Мұратбеков