«ТҰРАН» ФУТБОЛ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ СЕРБИЯЛЫҚ МАМАНДАРЫ ТҮРКІСТАНДА ШЕБЕРЛІК САБАҚТАРЫН ӨТКІЗДІ

Түркістан облысы әкімдігі мен «Тұран» футбол академиясы жаңа жобаны бастады. Мақсат – аймақтағы жасөспірімдер арасынан жас таланттарды шығару. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, Түркістанда балалар футболына басымдық берілмек. Бұл бағытта «Тұран» футбол академиясы да жемісті жұмыс жүргізіп жатыр. Енді қаладағы футбол алаңдарында балаларға бағыт-бағдар беріліп, осы спорттың әдіс-тәсілдері үйретілмек.
Жуырда «Тұран» футбол академиясы жетекшілері Түркістан қаласының жас футболшыларына шеберлік сабақтарын өткізуді бастап кетті. Жоба «Балалар жылына» арналып отыр. Жоба арқылы мектептердегі дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне балаларды жас ерекшелігіне сай жаттықтыру жолдары түсіндірілді. Жас дарындарға да тәлім-тәрбие берілуде. Ауладағы шеберлік сабақтарында көзге түскен балалар «Тұран» футбол академиясына қабылданады.
Алғашқы жаттығу сабағында спортшыларға «Тұран» академиясының жетекшісі Владимир Рибич пен үйлестіруші Брано Бужишич және жаттықтырушы Жасұлан Елеусіз қатысып, түркістандық дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне футболдың техникалық, теориялық әдістерін үйретті.
«Балалар жылына» орай өтіп жатқан шара ай соңына дейін жүргізіледі. Кестеге сәйкес, 20 мамыр күні сағат 18:30-20:30 аралығында Қазыбек би аллеясында, 24 мамырда «Жеңіс» саябағында, 31 мамырда «Жібек жолы» саябағында жаттығу өтеді деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.