ТҮРКІСТАН: 2019 ЖЫЛЫ ӨҢІРДЕ ӨТКІЗІЛГЕН 3200-ДЕН АСА ІС-ШАРАЛАРҒА ОБЛЫС АУМАҒЫНАН 670 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҚАМТЫЛДЫ

Бүгін  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев қоғам өкілдерімен кездесу өткізіп, 2019  жылы  атқарылған іс-шаралар бойынша БАҚ өкілдеріне жылдық есеп берді.

Алқалы жиынға қоғам өкілдерімен қатар, арнайы мониторингтік топ пен ақпараттық-ағарту штабының мүшелері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Келелі жиын барысында Департамент басшысы  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыс аумағында 670 мыңға жуық адамды қамтыған 3 200-ден аса іс-шаралар өткізілгенін атап өтіп, соның ішінде Түркістан облыстық Департаментінің тікелей бастамасымен жүзеге асырылған бірқатар жобаларды атап көрсетті.

Ең әуелі Хаким Дүйсешұлы жастар жылында жас өскінді жемқорлықсыз болашаққа жетелейтін  «Адал жолды таңдаймыз!» атты жастар марафон эстафетасының облысқа қарасты барлық қала/аудандарда ұйымдастырылғанын және «1 қыркүйек — Білім күніне» орай өткізілген бірыңғай желпыреспубликалық «Адалдық сағатына» өңірдің 973 білім беру ұйымдарының  50 мыңға жуық жас буыны қамтылғанын жеткізді.

Есеп беру жиналысында Департаменттің бастамасымен бастау алған «Мейірімділік нұры» акциясы шеңберінде  Департамент қызметкерлері ерікті түрде 23,4 литр  донорлық қан тапсырып,  талай жанның өміріне үміт сәулесін сыйлауға үлес қосқандығы және  аталмыш науқан негізінде Түркістанда тұңғыш рет құқық қорғау органдарының 300-ден астам қызметкерлерінің қатысуымен  «Күзгі марафон» қайырымдылық шарасы өткізілгені, сондай-ақ марафоннан түскен қаражат аз қамтылған  4 студенттің жартыжылдық оқу ақысына жұмсалғандығы  атап көрсетілді.     

Қорытынды кездесуде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы сөз алып, «9 желтоқсан — Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні» қарсаңында «Үздік халықаралық тәжірибелер» тақырыбында алғашқы рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық Түркістан форумы» өткенін баяндады.

Сонымен қатар, аталмыш форумда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінің озық тәжірибелері талқыланып,  АҚШ, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Татарстан елдері мен елімізде жүзеге асырылып жатқан тың жобалардың  ортаға салынғандығын  сөз етті.

 Айта кетсек, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында Департамент қызметкерлері өз қамқорлығына алған Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылының тәрбиеленушілерімен бірге «1424» көркем фильмінде барлық рөлдерді сомдап шығып,  көпшілік көрерменді адал болуға үндеді.  Агенттіктің сенім телефонын жалпақ  жұртқа таныстырып, азаматтық белсенділікті арттыруды мақсат еткен бұл  кино туынды  көп ұзамай өңір басшысы Ө.Шөкеевтің оң бағасына ие болды.

Жылдық есеп соңында жиынға қатысушылар өткен жылды игілікті істер мен ілкімді бастамалар арқылы сәтті аяқтаған Түркістан облыстық Департаментінің басшылық құрамына өз сауалдарын жолдап, әрі қарай да нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізе берулеріне тілектестік білдірді.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.