ТҮРКІСТАН: 2020 ЖЫЛЫ АЙТУЛЫ РУХАНИ ШАРАЛАР ӨТКІЗІЛЕДІ
2020 жылғы қазан айында Түркістан қаласында Түркі елдері Басшыларының жиыны өтеді. Бұл шара – күллі Түркі халықтарының рухани-мәдени орталығы – Түркістан қаласының туризмін жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді.
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халыққа есеп беру кездесуінде атап өтті.
Айтулы іс-шара өту үшін Кешенді жоспарға өзгерістер енгізіліп, 148 іс-шараны іске асырылады. Жалпы, кешенді жоспарға еніп отырған жобаларды іске асырудың Түркістан облысы үшін мультипликативтік әсері зор.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес, өткізілуі Халықаралық деңгейде жоспарланып отырған бұл іс-шараға «Бір жеңнен бас, бір жеңнен қол шығарып» облыстың әрбір тұрғыны өз үлесін қосып, атсалысуға шақырамын. Өздеріңізге белгілі, биыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы және композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде облыстың рухани өміріне айтарлықтай үлес қосады деп сенемін», деген Өмірзақ Естайұлы өңір тұрғындарын жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Есеп беру соңында жарыссөзге шыққан жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт «Түркістанға адалдық танытқанға бұл өлке бақ сыйлайды. Ал, Өмірзақ Естайұлы Түркістанды түлетуде адалдығы мен іскерлігін ұштастырып, ұтымды шешімдер қабылдап жатыр», — деп облыс басшысына зиялы қауымның алғысын жеткізді.
Екінші болып мінбеге көтерілген Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов «Түркістанға маңызды мәртебе беру – Елбасының ең ұтымды шешімі болды. Осы Ұлы бастама мен қарқынды құрылыстың басында Өмірзақ Естайұлының тұрғаны бізді қуантады» ,- деп халықтың атынан шынайы лебізін білдірді.
Жарыссөзден соң, кездесуге арнайы келген және жиынды онлайн режимінде тамашалап отырған аудан, қала тұрғындары өңірдегі көкейтесті мәселелер жөнінде сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.
Маңызды шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қожаниязов Серік Салауатұлы арнайы қатысып, облыс әкімінің өткен жылғы атқарған жұмыстарының нәтижесіне оң бағасын берді.