ТҮРКІСТАН: 30 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕК МЕКТЕПТІ БІТІРДІ

Түркістан облысындағы барша білім мекемелерінде «Сәт сапар, жас түлек!» соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. Биылғы оқу жылында облыс мектептерінде 30049 түлек үлкен өмірге қадам басып отыр. Салтанатты жиынның бірі М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінде өтті. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы қатысты.
– Сіздер бүгін үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыздар. Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударып, сіздердің сапалы білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасап отыр. Облыста да білім саласына баса мән берілуде. Оның ішінде Түркістан қаласында 3 жылдың ішінде мәдени-әлеуеметтік нысандар бойы көтеріп, түрлі жобалар іске асып келеді. Халықаралық туризм және меймандостық университеті бой көтеріп, қаламыздың туризм саласын дамыту жолында студент жастарға білім беруде. Сонымен қатар 30 жылдық тарихы бар Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті де жас түлектерді күтеді. Аталған және өзге де оқу ордаларында түрлі мамандықтар бойынша білім алып, Жаңа Қазақстанды құру жолында еңбек етіп, киелі қаламыздың дамуына үлес қосуға шақырамын, – деген С.Қалқаманов түлектерге ақ жол тілеп, мектеп ауласына ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты.
Биылғы оқу жылын облыс шәкірттері үлкен табыстармен аяқтап отыр. 1250 мектеп бітіруші «Алтын белгіге» үміткер атанды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадада 3 оқушы – І орын, 8 оқушы – ІІ орын, 11 оқушы – ІІІ орын иеленсе, ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінде 4 оқушы – ІІ орын, 3 оқушы – ІІІ орын иеленді. Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық XI конкурсында 2 оқушы – ІІ орын, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден республикалық UNIOR жасөспірімдер олимпиадасында 4 оқушы жүлделі орындарды иеленді.
«Айбын» әскери-патриоттық жастар республикалық жиынының қорытындысы бойынша Түркістан облысы «Патриоттар мекені» кубогына ие болды. 2022 жылғы республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында спорттың 41 түрінен жарыстар өтуде. Қазіргі таңда 24 спорт түрінен жарыс өтіп, Түркістан облысының қоржынында 7 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль бар.
Айта кетейік, Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 33 жалпы орта мектепте бүгін 2021-2022 оқу жылының соңғы қоңырауы соғылып, 2286 оқушы мектептен түлеп ұшты. Олардың ішінде 117 оқушы – «Алтын белгіге» үміткер.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.