ТҮРКІСТАН: АБАЙ МЕН ШӘМШІНІ ҰЛЫҚТАУ ҰЛТТЫҚ САНА МЕН РУХТЫ ЖАҢҒЫРТАДЫ
Түркістан облысында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойларын атап өту мақсатында «Абай – әлем көзімен» және «Ән аға» облыстық онлайн байқауы өтті. «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында ұйымдастырылған сайысқа облыстық қоғамдық даму басқармасы және басқармаға қарасты облыстық «Рухани жаңғыру кеңсесі» ұйытқы болды.
«Абай – әлем көзімен» байқауы – қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасын өзге ұлт өкілдері арасында кеңінен насихаттап, дарынды көркемсөз оқушыларын анықтау, ақынның мол мұрасын әлемге таныту, қазақ ұлттық руханиятына деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыруды көздейді. Ал қазақ вальсінің королі атанған Шәмші әндерін кеңінен насихаттау, ән айтуға деген талпынысы бар жандарды анықтап, сазгердің шығармашылығын ұрпақтар сабақтастығы ретінде жалғастыру бұл — «Ән аға» байқауының негізгі мақсаты.
«Абай – әлем көзімен» байқауы 16 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтіп, оған облыс көлемінде 77 үміткер қатысты. Байқаудың шарттарына сәйкес, 14-40 жас аралығындағы азаматтар өз әлеуметтік желі парақшаларына Абайдың өлеңін мәнерлеп жатқа оқып, #АбайӘлемКөзіменРуханиЖаңғыру хештегін қою арқылы видео жүктеген болатын. Іріктеуден 2-кезеңге 33 үміткер жолдама алып, Абайдың қара сөздерін жатқа оқыды. Сайыс нәтижесінде 1-орынды Мақтаарал ауданынан қатысқан Саидвали Каландаров, 2-орынды Кентау қаласынан Интизора Нусратуллаева, Сарыағаш ауданынан Сабина Акрамова, Сайрам ауданынан қатысқан Мухаббат Адахамовалар иеленді. Үздік үштікті Жетісай ауданынан Ражабгул Колдашева, Созақ ауданынан Алина Гниязова, Бәйдібек ауданынан қатысқан Мрдиси Абасали қорытындылады.
«Ән аға» байқауы 6-18 қараша аралығында өтіп, байқауға облыс көлемінде 64 үміткер қатысты. Байқаудың шарттарына сәйкес, 14-45 жас аралығындағы қатысушылар бақ сынап, Шәмшінің кез-келген әнін музыкалық сүйемелдеумен орындады. Әр қатысушы өз әлеуметтік желі парақшасында (инстаграм) #ӘнАғаРуханиЖаңғыру хештегімен видео жүктеп және @rukhanizhangyrutur парақшасына тіркеліп, оны белгілеп кетуі жөн болатын. Байқау қорытындысында жүлделі 3-орынды Кентау қаласы, Қарнақ ауылынан Сарвариддин Құрбантайұлы, Созақ ауданы Қозмұлдақ елдімекенінен Ақмаржан Мамырғалиқызы, Бәйдібек ауданын қатысқан «Қос-Тұра» дуэті иеленді. Ал, 2-орынға Кентау қаласынан Айжан Тұрсынбекқызы мен Отырар ауданынан қатысқан Ұлжалғас Жұмабекқызы лайықты деп танылса, Мақтаарал ауданынан қатысқан Ескендір Киікбайұлы 1-орынды олжалады.
Барлық жеңімпаздарға Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы тарапынан арнайы диплом мен кәдесыйлықтар табысталды.