ТҮРКІСТАН: ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛДЕР ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ТҰРҒЫНДАРҒА АҚПАРАТ БЕРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, жалпы қоғам болып ел азаматтарына көмек, қолдау көрсету — игі істердің бастауы екендігін тілге тиек еткен еді.
Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен ел аумағында халыққа құқықтық кеңес беру мақсатында «Адал көмек» жобасы іске қосылған болатын.
Келелі жобаның негізгі мақсаты — Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын қарастыру және заң аясында дұрыс бағыт-бағдар беру.
Осы мақсатта, мемлекеттік органдарда Әдеп жөніндегі уәкілдердің функцияларын атқарып жүрген лауазымды тұлғалар азаматтармен кері байланыс орнатуда белсенділік танытып, тікелей эфир арқылы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексінің нормаларын сақтауы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша ақпарат бермек.
Олар тікелей эфир арқылы өңір тұрғындарын толғантқан мәселелерге құлақ түріп қана қоймай, азаматтардың назарына түрлі салалардағы заңнаманың жаңашылдықтары мен қажетті маңызды мәліметтерді Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы арқылы ұсынып отыратын болады.
Айта кетейік, алдағы уақытта «Адал көмек» жобасы аясында Түркістан өңіріне қарасты барлық мемлекеттік орган басшылары онлайн форматта толымды ақпарат беріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша өңір тұрғындарымен кері байланыс орнататын болады.