ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛАТЫНДАРДЫҢ ҚАТАРЫ ЖАҢА САНАТПЕН ТОЛЫҚТЫ

Коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде ҚР Үкіметі тарапынан халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ету үшін арнайы заң жобасы қабылданды. Аса мұқтаж азаматтар қатарына көп балалы отбасылар, жұмыссыздар, мүгедектер, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар кіреді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап төтенше жағдай кезінде азық-түлік-тұрмыстық жиынтығын алатындардың тізбесі қосымша әлжуаз топқа кіретін санаттағы азаматтармен толықтырылған.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарына 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, он алты жасқа дейінгі мүгедек балалар, барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеуші тұлғалар және жергілікті органда тіркелген жұмыссыздар жатады. Болжам бойынша облыста азық-түлік-тұрмыстық жиынтығымен 174,2 мың адам қамтылатыны көзделіп, 3 айға республикалық бюджеттен 2,9 млрд.теңгеге 5567 теңге болатын азық-түлік тұрмыстық жиынтықтармен қамтылатын болады», – деді Әсия Темірбаева.
Жалпы 6 жастан 18 жасқа дейінгі 43190 балаға 721,3 млн. теңге, 94222 барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер мен 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 1573,6 млн.теңге, 23795 жұмыссыз азамат 397,4 млн. теңге, мүгедек баланы күтумен айналысатын 13013 адамға 217,3 млн. теңге қаралған. Қазіргі таңға жүргізілген есептерге сәйкес аталған азаматтарға қаражатын аудару арқылы әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары басталды.
Айта кетейік, 2020 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша 1-6 жас аралығындағы 25 125 балаға 319,2 млн. теңге азық-түлік және гигиеналық топтамасы берілді. Жалпы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 19,8 мың отбасы немесе 111,9 мың адамды құраған. Оларға 2,3 млрд. теңгенің көмегі төленген. Әлеуметтік көмек алушылардың 41 пайызы көп балалы отбасылар.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.