ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА ДӘСТҮРЛІ «ШАҢЫРАҚ» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында этносаралық татулықты нығайту мақсатында «Халық бірлігі — мемлекет тұтастығы» тақырыбымен әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Шаңырақ» байқауы басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов мәлімдеді.
«Шаңырақ» байқауы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Байқаудың негізгі мақсаты – әлеуметтік желідегі жазбалар арқылы өңірдегі этносаралық татулық пен  патриоттықты,  мемлекет тұтастығы мен Отан қорғау жолындағы кәсіби мамандар мен еңбек адамын, ел тыныштығы мен қоғамның бірлігін нығайтқан патриот азаматтар мен олардың отбасын дәріптеу.
Ерназар Көпжасарұлының мәлімдеуінше, «Шаңырақ» байқауы 1 наурыздан бастау алды. Байқаудың жалпы жүлде қоры — 1 000 000 (бір миллион) теңге. Байқауға кез келген әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен блогерлер, баспасөз орталықтарының мамандары қатыса алады. Байқауға қатысу үшін жарыс ережесіне сай келетін материалды әлеуметтік желідегі Facebook, Вконтакте, Instagram парақшаларының бірінде жариялау қажет. Сондай-ақ «Шаңырақ» журналистер клубы тобына жазылуы және байқауға ұсынылатын материалдар осы топта жариялануы тиіс.
– «Шаңырақ» байқауының маңызы ерекше деп білемін. Бұл өз кезегінде байқауға қатысатын үміткерлердің жазу стилі мен шығармашылықтарын шыңдайды деп ойлаймын. Ынтымағы жарасқан өңірімізде бейбітшілік пен отансүйгіштікті насихаттайтын байқау қатысушыларына сәттілік тілеймін, — деді Ерназар Баетов.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек байқау шарттарына жан-жақты тоқталды.
– Байқау жұмысына қойылатын талаптар — мәтіндік материалды «Шаңырақ» сөздерімен бастау керек. Материалды жариялау жиілігі аптасына (жеті күнде) 1 жазбадан кем емес, жалпы жазба саны 10-нан кем болмауы тиіс. Материалдың/жазбаның көлемі 1000 (мың) символдан кем болмауы қажет. Мәтіндік материалға суреті бар мақала жайлы хабарды қосу, тақырыптық суретті қатар бекіту, аты, тегі, әкесінің аты көрсеткішінде келесі форматында #Шаңырақ хэштегін қолдану – байқау талаптарының бірі. Байқауға 2023 жылдың 1 наурызынан 10 маусымға дейінгі жарияланған материалдар қабылданады. Жарияланған материалдардың скриншоттарын арнайы файл папкасына жинақтап (лайк, бөлісуі көрінуі тиіс) байқаудың ұйымдастырушыларына 2023 жылдың 10-12 маусым аралығында тапсырылуы тиіс. Байқау жұмыстары мемлекеттік тілде қабылданады. Жеңімпаздарды айқындау Байқау Ұйымдастырушысы түзген комиссия құрамының шешімімен жүзеге асырылады, — деді клуб төрағасы.
Байқауға ұсынылған жұмыстар әлеуметтік желілерде немесе блог-тұғырламаларда көп дауыс жинағаны, ең көп ұнатылғаны (лайк), ең көп бөлісілгені (репост) арқылы бағаланады. Қаншалықты оқырманның көңілін аудара білгендігіне мән беріледі. Ұйымдастыру комиссиясының 8-775-820-36-928-771-829-85-06 байланыс телефондарына хабарласуға болады. Электрондық пошта: baikau2023@mail.ru.
Байқаудың қорытындысы 2023 жылы маусым айында бұқаралық ақпарат қызметкерлері мерекесі қарсаңында жарияланып, жеңімпаздар Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, жеңімпаздардан басқа, байқауға қатысқан үздік үміткерлерге ынталандыру сыйақысы тағайындалады.
Брифинг барысында спикерлер БАҚ өкілдерінің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.