ТҮРКІСТАН: АРЫСТЫ АБАТТАНДЫРУҒА ӘСКЕРИЛЕР ДЕ АТСАЛЫСТЫ
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың бастамасымен қала аумағында жасыл желек ауқымын кеңейту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Ауқымды жұмыстың бір парасы Арыс – Шымкент, Арыс – Шардара автожолының бойындағы жасыл белдеу. Қазір өкпек жолаушының көзін қуантып, бір кезде құла түз болып қурап жататын жерге жайқалып өскен көшеттер күн сайын көбеюде.
Қаланы көгалдандырудың басында жүрген «Жасыл Арыс» КММ қызметкерлі бүгінгі таңда Арыс қаласына қарасты Орманды елдімекенінде орналасқан «Сырдария –Түркістан» МӨТП тұқымбағынан 5000 дана қарағаш, 500 дана бозарша қазып алды.
Экошарадан әскерилер де шет қалмады. Жасыларыстықтарға жәрдемге келген сарбаздар әп-сәтте 70-тен астам көшеттің түбін қазып, жаңа орынға отырғызуға дайын күйге келтірді.
Тынымсыз тал егіп жүрген жасыларыстықтар бабын тауып, баптай білсең, бүгінгі көшет болашақта мәуелі баққа немесе көлеңкелі саябаққа айналады дейді.
Айта кетейік, құрамында 50-ге жуық қызметкер, 3 арнайы техникасы бар «Жасыл Арыс» КММ-сі бір жылдың ішінде 40 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызып үлгерді.
Жалпы, Арыс қаласы мен ауылдық округтер бойынша жыл басынан бері отырғызылған жас өскіндер саны 70-мыңға жуықтады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі