ТҮРКІСТАН: АУРУХАНАЛАР МЕН ДӘРІХАНАЛАР АПТА САЙЫН ДӘРІ ҚОРЫМЕН ТОЛЫҒУДА
Түркістан облысы мен аудандарда дәрілердің келуін және тиісті мекемелерге дұрыс таратылуын, дәріханаларда белгіленген бағада сатылуын қадағалайтын арнайы штаб құрылған. Қазір күнделікті қоймадан дәрілердің ауруханалар мен дәріханаларға үлестіру жұмыстарын, сондай-ақ дәріханаларда сатылу бағасына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас дәрігері Марат Пашимов мәлімдеді.
«ҚР Денсаулық министрі бекіткен заңнама бойынша қазіргі таңда науқастар арнайы протокол бойынша ем қабылдайды. Осы тәртіп бойынша бүгінде Түркістан облысындағы ауруханаларда 20 күнге жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Бірақ ол қор апта сайын толықтырылады. Мәселен, өткен аптада гуманитарлық көмек ретінде өңірге 48 мың дана қорғаныс киімдері мен қолғап келді. Одан кейін Өзбекстан мемлекетінен 100 млн теңгеге 1,5 млн құтыдан астам пандемияға қажетті дәрілер жетті. Олар ең әуелі облыстағы ауруханалар мен емханаларға таратылып берілуде. Одан бөлек, Алматы қаласынан 2 тонна дәрі-дәрмек қоры келді. Барлық келген жүктер қатаң тәртіппен үлестіріледі», — деді Марат Орынбасарұлы.
Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін облыста КВИ инфекциясы тіркелген азаматтар саны – 2341 адам. Оның ішінде ауруханада жатқаны — 196 адам. Жазылғандар – 868. Өзгелері амбулаторлық ем алуда. Қайтыс болғандар саны – 22 адам. Пневмониямен ауырып жатқан азаматтар саны – 5400. Жазылғандар саны – 4200. 1200 науқас ем қабылдауда. Қайтыс болғандар саны – 56.