ТҮРКІСТАН: АУРУХАНАЛАРДА ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ӨТКЕЛДЕРІ ОРНАТЫЛДЫ
Түркістан қалалық және Сайрам аудандық орталық ауруханалар залалсыздандыру өткелдерін орнатқан алғашқы емдеу мекемелері. Дезинфекциялық дәліз қабылдау және босану бөлімдерінің кіреберістеріне орнатылған. Бұл бүркеу қондырғыларының тиімділігі мол. Қызметкерлер және науқастар ғимаратқа кіру үшін сол жерден өтеді. Құрылғы автоматты түрде іске қосылып, арнайы сұйықтық шашылады. Осылайша киімдегі қатерлі вирустарды жойып, инфекцияның алдын алуға болады, дейді сала мамандары.
Жалпы, облыстағы медициналық ұйымдарда COVID-19 инфекциясымен күрес жұмыстары барынша қолға алынған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві қаражаты есебінен барлық емдеу мекемелеріне медициналық бұйымдар, медициналық бетперделер, қолғаптар, дәрілік заттар мен жеке қорғаныш құралдары жеткізілген.
Коронавирустық инфекцияны зерттеу және емдеу туралы клиникалық хаттамасының тізімі негізінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қоры бекітілген. Айта кетсек, коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарды емдеуге жатқызу үшін инфекциялық стационарларда 200 төсек орын дайындалған. Қауіпті індетке ұқсас клиникасы бар науқастарға арналған 640 төсек орындық провизорлық стационарлар бар.
Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым қатынаста болғандарды (дені сау адамдар) оқшаулау үшін облыс аумағына 1256 орынға карантиндік орталықтар ұйымдастырылған. Жалпы, облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар саны 58-ге жетті. Барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, шағымы жоқ. Вирус жұқтырғандар қазіргі уақытта оқшауланып, тиісті ем қабылдауда. Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. 13 азамат дерттен айыққан.