ТҮРКІСТАН: ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды техногенді сипаттағы табиғат апатының салдарын жою бойынша барлық жауапты құрылымдардың басшыларын жинап, шұғыл жиналыс өткізді. Облыс әкімі жағдайды баяндаған әкімдікке қарасты құрылымдар, төтенше жағдайлар департаменті, ішкі істер департаменті, «Оңтүстікжарық», Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ауа-райының күрт өзгеріп, бұрқасын дауыл мен қатты қардың салдарынан Түркістан облысындағы бірнеше ауданның елді мекендері ішінара жарықсыз қалған еді. Соңғы мәлімет бойынша жағдай тұрақталды. Бәйдібек пен Созақ аудандарында электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Соңғы бір тәулікте қалыпқа келтіру жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр. Оқиға орындарында жарық беруші компанияның бригадалары мен 50-ге жуық адам, 12 техника жұмылдырылған. Жиында сөз алған «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының басшылығы жағдай жақын арада тұрақталатынын жеткізді. Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына қажетті қосымша техниканы көмекке жіберуді тапсырды.
– Жауапты мекеме электр желілерін жөнге келтіру жұмыстарын күшейтсін. Тұрғындар жарықсыз отырмау керек. Жолдардың жабылуы кедергі болған ауылдарға күш салынсын. Адамдар жеткілікті болсын, ауылдарға қосымша техника жіберу қажет. Таң атып қалды, жылдам жұмысқа кірісіңіздер, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Табиғаттың тосын мінез танытуынан болған жағдайды облыс әкімі Дархан Сатыбалды өз бақылауына алған болатын. Облыс басшысының тапсырмасымен аудан әкімдері қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуда.
Түркістан облысында ауа-райы күрт өзгеруінен таулы аймақтарда желдің екпіні 30м/с асты. Қатты дауыл әлі де жалғасып, көктайғақ болады деген болжам бар. Әзірге облыстық маңызы бар 8 жол әлі де жабық. Қарлы боран салдарынан республикалық маңызы бар «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» бағытындағы тас жол да жабылды. Облыс аумағында жолдарды тазалау үшін барлығы 100-ден астам адам мен 100-ден астам техника жұмылдырылған.
Төтенше жағдайлар департаментінің бригадасы Бәйдібек, Созақ аудандарында қар құрсауында қалған жалпы 100-ге жуық адамды құтқарды. Оның ішінде ересектер де, балалар да бар. 5 жүк көлігі мен оннан астам жеңіл көлікті қар құрсауынан алып шықты. Авариялық-құтқару жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.
Азаматтардың арыз-шағымдарын назарға алу үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Облыстық әкімдікке қарасты барлық құрылымдар күшейтілген жұмыс тәртібімен жұмыс істеуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі