ТҮРКІСТАН: ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫЛАРЫ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ТҰРҒЫНДАРҒА АҚПАРАТ БЕРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, жалпы қоғам болып ел азаматтарына көмек, қолдау көрсету — игі істердің бастауы екендігін тілге тиек еткен еді.
Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен ел аумағында халыққа құқықтық кеңес беру мақсатында «Адал көмек» жобасы іске қосылған болатын.
Келелі жобаның негізгі мақсаты — Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын қарастыру және заң аясында дұрыс бағыт-бағдар беру.
Бүгінде, аталмыш жобаның маңыздылығын аңғарған Түркістан облыстық Департаментінің өкілдері өңір тұрғындарын толғантқан мәселелерге құлақ түріп, сан-сауалдарды шешу жолында азаматтармен кері байланыс орнатуға белсенділік танытып отыр.
Олар танымал әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram) арқылы «тікелей эфирге» шығып, халыққа ақпараттық бағыт-бағдар беруде.
Халық пен билік арасында ашық диалогтық алаң орнатуды мақсат еткен Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нышанов Нұрбек «Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитарлық-дәрігерінің қаулысын облыс тұрғындарына таныстыру» тақырыбы аясында тікелей эфирде маңызды ақпараттармен бөлісіп, ел аумағында тараған қауіпті вирустан қорғанудың жолдарын жеткізді.
Ал, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ерик Сарыбаев Департаменттің негізгі қызмет бағыттары мен басымдықтары бойынша тікелей эфирде қойылған қала тұрғындарының сауалдарына нақты жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Айта кетейік, алдағы уақытта «Адал көмек» жобасы аясында Түркістан өңіріне қарасты барлық мемлекеттік орган басшылары онлайн форматта толымды ақпарат беріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша өңір тұрғындарымен кері байланыс орнататын болады.