ТҮРКІСТАН: ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай Жетісай ауданына арнайы келіп, аудан активіне ақпараттық — түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Парасаттылық принциптері кең көлемде дәріптелген келелі жиынға Жетісай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асан Маханбетов пен аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім, білім беру ұйымдары мен аудандық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Ағартушылық бағытта өрбіген келелі шараның негізгі мақсаты — парасаттылық құндылықтарын ел ішінде кең көлемде насихаттау арқылы ел азаматтарының бойына адалдық қасиеттерін дарыту және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу.
Алқалы жиында сөз алған М.Қарғабай бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жолын кесу мақсатында Агенттікпен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, ағымдағы жылдың 6 қазаны күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына енгізілген жаңашылдықтармен таныстырды.
Өз кезегінде, Департамент басшысының бірінші орынбасары бұдан былай азаматтық кодексте мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынғаны туралы ақпарат беріп, жиынға қатысушыларды пара алу, пара ұсыну, делдалдық ету сынды парақорлық әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Жиын соңында сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша түйткілді сауалдар ортаға салынып, аудандық мемлекеттік мекеме басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.