ТҮРКІСТАН: ФРАКЦИЯДА АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР МЕН ЗАҢСЫЗ КАРЬЕРЛЕР ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ
Өңірде 904 мемлекеттік орта білім беру мекемесі болса, оның 51-і – саманнан салынған, тозу жағдайындағы мектеп. Бұл туралы бүгін «Amanat» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясының мәжілісінде мәлімделді.
Облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібінде 3 өзекті мәселе қаралды. Олар: Облыстағы апатты мектептердің жағдайы; Облыстың қазба байлықтары және жер қойнауын пайдалану; 2022 жылғы бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізу жайы.
Фракция отырысына қатысқан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық мәслихат депутаттары мен жауапты сала басшылары аталған мәселелерді талқылап, хабарламалар мен ұсыныстар айтты.
Бірінші мәселеге қатысты Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Амантай Өсербаевтің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, биыл 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылысы жүргізлуде. Жыл соңына дейін 3 апатты және 1 үш ауысымды мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
— Облыстық мәслихат депутаттарының ұсынысы негізінде басқарма тарапынан жұмысшы топ құрылып, аудан және қалаларда мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде биыл 52 мектепте үш ауысымда білім беріп жатқаны, апатты жағайдағы ғимараты сабаннан салынған 51 мектеп жұмыс істеп тұрғандығы анықталды. Бүгінгі таңда жаңа, қосымша құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге құжаттар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда, — дейді А.Өсербаев.
Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, былтырдан бастап жер қойнауын пайдалану мәселесіне зерделеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, нәтижесінде заңбұзушылыққа тоқтаулар салынып, азаюда. Карьерлерді заңсыз қолдану салдарынан жер жағдайы өзгеріп, тұрғын үйлерге, көпірлерге, жолдарға кері әсерін тигізіп, апаттық жағдайға жеткізуге себеп болуда. Кентау қаласы мен Шардара, Отырар, Созақ, Сауран аудандары заңбұзушылық бойынша алда тұр. Мониторинг нәтижесі туралы Облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшысы Қайрат Әзімов баяндады.
– Рейдтік шаралардың нәтижесінде облыс аумағында 18 келісімшарт пен 4 лицензияның күші мерзімінен бұрын тоқтатылды. 2021 жылы 55 құқықбұзушылық анықталып, 43 факті бойынша келтірілген залалдарды өндіру үшін Экология департаментіне жолданған. Биыл да облыстық жұмысшы топ заңсыз жер қойнауын пайдаланушы тұлғаларға рейдтер жүргізуді жоспарлауда, – дейді басқарма басшысы.
Жиын барысында жергілікті полиция басқармасының басшысы Асылхан Төреханов осы мәселені жалғап, заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан тұлғаларға қарсы қолға алынған тәртіптік іс-шаралар туралы баяндады. Депутаттар апатты мектептер санын азайту, жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға тосқауыл қою жұмыстары күшейетінін айтып, жауапты басшыларға ұсыныстарын айтты. Қоғамдық бақылауда тұрғанын ескертті. Сондай-ақ 2022 жылғы бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек хабарлама жасады.
Мәжілісті түйіндеген Б.Тәжібаев күн тәртібінде қаралған мәселелер облыстық мәслихаттың кезекті сессия отырысына ұсынылатынын, әрбір мәселе фракция қадағалауында болатынын жеткізді.
«Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі