ТҮРКІСТАН: ҒАЛАМТОРМЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАДЫ

Түркістан облысында жалпы 831 елді мекен болса оның 177-і мобильді интернетпен қамтылмаған. Ал 62 ауылда мүлдем байланыс жоқ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл мәселені сынға алып, жауаптыларға цифрландыру бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды.
– Цифрландыру бойынша ұлттық жобаға сәйкес, 2022 жылы Түркістан қаласында бейнебақылау камераларының санын 3127-ге жеткізу жоспарланған болатын. Бірақ бұл жоспар толық орындалмады. Ауылдық аймақтарда байланыс пен интернет сапасы нашар. Әрбір ауданға барған кезде тұрғындар осы мәселені сұрақ ретінде көтереді. Облыс тұрғындарын сапалы интернетпен қамту және қауіпсіздігін бақылау мақсатындағы жұмыстар төмен деңгейде. Әсіресе мектептерде бұл бағыт жүйеленбеуде. Жауапты басқармалар, аудан және қала әкімдерімен бірлесіп, талдау жүргізіңіздер. Операторлармен жиын өткізіп, жоспарды талқылаймыз. ІТ саласында мамандар даярлау да маңызды. ІТ мектептер тек облыс орталығына ғана емес, әрбір ауданға керек. ІТ бағытындағы университеттерге де сараптама жасап, жалпы цифрландыру саласын түбегейлі модернизациялау қажет. Сіздерден нақты нәтиже мен ұсыныс күтемін, – деді өңір әкімі Дархан Амангелдіұлы.
Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдірахмановтың айтуынша, ұялы байланыс операторларының базалық станцияны орнатудан бас тартуының себебі – кейбір елді мекендерде халық саны 250-ден аз. Министрлікпен айқындалған шарттарға сәйкес ол одан төмен болмауы тиіс.
Басқарма тарапынан 2023-2027 жылдар аралығында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде. Бағдарлама аясында талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қолжетімділікті арттыру бойынша 389 елді мекен және 758 мемлекеттік мекемені қамту ұсынылған.
Халықаралық, республикалық және облыстық жалпы 4737 шақырым жол торабын 4G технологияларымен қамту жоспарлануда. Туристік аймақтарды мобильді кеңжолақты интернетке қолжетімдікпен қамтамасыз ету мәселесі де назарға алынған. «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы ғаламторды ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылығына дейін жеткізу де көзделуде.
Қазіргі таңда облыс көлемінде 3G стандартын қолдайтын 437 елді мекен болса, 2023-2029 жылдар аралығында базалық станциялар модернизациялаудан өтеді. Ал 2023-2024 жылдары инвестиция көлемі 1,64 млрд. теңгені құрайды.
Облыста қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 1067 бейнебақылау камерасы орнатылған. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес жол көлік оқиғалары 4,6 пайызға төмендегені анықталды. Дегенмен қылмыстық құқық бұзушылықтар, оның ішінде ұрлық жасау 1,4 пайызға артқан. Осыған орай, биыл 1700 бейнебақылау камерасын орнату ұсынылуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.