ТҮРКІСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Түркістан қаласынан 16 шақырым қашықтықта Шаға елді мекенінен түркиялық «YDA Group» компаниясы халықаралық әуежайдың құрылысын жүргізуде. Қазіргі таңда Түркістан халықаралық әуежайының құрылыс алаңында инвестордың 302 құрылысшысы мен 102 арнайы техникасы жұмылдырылған. Бүгінгі күні әуежай терминалының іргетасы аяқталып, ұшу-қону жолағына қажетті құмды-шағал тасты қоспаның бірінші қабаты төселінуде. Сондай-ақ, рульдеу жолы мен перронның жұмыстары аяқталып отыр.
Әуежай жалпы 900 гектар аумақты қамтитын болады. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салу жоспарланған. Халықаралық әуежай 2020 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі деп күтілуде. «YDA Group» компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейннің айтуынша, Түркістан халықаралық әуежайы халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынуда. Терминал жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады.
Айта кетерлігі, Түркістан қаласында жаңадан салынып жатқан халықаралық әуежайға баратын автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 16,3 шақырым. Әуежай жолын толығымен 2020 жылдың қыркүйек айында аяқтау көзделуде.