ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫН КӨГАЛДАНДЫРУҒА КЕЛЕСТІКТЕР ДЕ ҮЛЕС ҚОСУДА
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласында көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін шаһар 32 секторға бөлінген болатын. Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты. Соның ішінде 16-секторға жауапты Келес ауданының игі істе өз үлесі бар.
Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев бастаған топ сектор аумағын көгалдандыру мақсатында көшет отырғызу жұмыстарын жүргізді. Келестіктер өздеріне бекітілген аймақта арнайы ұңғымалар қазып, 400 көшет отырғызды.
«Қазіргі таңда 357 шұңқыр қазылған. Қалған жұмыстар бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, 30 қарашада аяқталатын болады. Бұдан өзге 8176 көшет сатып алынған», – деді аудан әкімі А. Есбаев.
Облыс орталығын көгалдандыру мен күнделікті тазалық жұмыстарына 8 техника жұмылдырылып, 200-ге жуық адам жұмысқа тартылған.
Қазіргі таңда 16 сектор аумағындағы көшелерді тегістеу, тұрмыстық қалдықтарын тазарту, ағаштарды бұтау жұмыстары жүргізіліп, күл-қоқыстар шығарылуда. Дастанов көшесіне газон егу (1500 ш.м) мақсатында құнарлы топырақ төсеу жұмыстары жүргізілген.