ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Түркістан қаласында халықаралық әуежай салу мақсатында облыс орталығынан 35 шақырым қашықтағы Кентау қаласына қарасты, Шаға елдімекенінің маңынан орын белгіленген болатын. «Turkistan International Airport» ЖШС инвесторы әуежайдың құрылысын жүргізуде. Мердігер мекеме – түркиялық «YDA Group» компаниясы. Қазіргі таңда құрылыс алаңында инвестордың 341 жұмысшысы мен 106 бірлік техникасы жұмылдырылған.
Бүгінде, әуежай терминалының конструкциялық жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Ұшу-қону жолағы мен перронның 2 қабат шағал-тасты қоспасы және рульдеу жолының 1 қабат шағал-тасты төселімінің жұмысы аяқталды.
Әуежайды пайдалануға беру мерзімі — жоба бойынша мемлекеттік жекешелік әріптестік келісім шарты рәсімделгеннен кейін ғана белгілі болады. Алдын ала болжам бойынша 2020 жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетерлігі, әуежай терминалының жолаушыларды өткізу мүмкіндігі — сағатына 450 жолаушы, аумағы 10,5 мың шаршы метр, ал ұшу-қону жолағының параметрі 3300х45 метрді құрайтын болады.