ТҮРКІСТАН: «ҚАЗАҚСТАН — ҰЛЫЛАРДЫҢ ОТАНЫ» ВЕЛОСАЯХАТЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ
Қазақстанның белгілі спортшысы, танымал волонтер Дамир Көшеев Ыстамбұл-Измир-Бодрум-Мармарис-Анталия-Анкара-Акчакоджа-Ыстамбұл қалаларын велосипедпен жүріп өтті. Ол 30 күн бойы 3000 шақырымға жуық қашықтықты бағындыру үшін Түркістан қаласынан Түркия Республикасына аттанды. Ерікті Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте сапар барысына кеңінен тоқталды.
Жоба Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының арасындағы достықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Жоспарланған межені сәтті аяқтаған Дамир Көшеев «Қазақстан – ұлылардың Отаны» атты велотуры әлемді жаңа қырынан тануға мол мүмкіндік сыйлағанын айтты.
«Менің осы сапарым екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына септігін тигізсе менің жетістігім сол. Ауа-райының ыстықтығы мен климаттың қолайсыздығына қарамай мақсатымды орындадым. Қолдау білдірген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жоспарларым өте көп. Ең маңыздысы маған Түркияның астанасы Анкара қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы саябақ ұнады. Сондай-ақ, бірнеше қалалардағы скверлер, мектептер мен көшелерге қазақтың ұлы ақынының есімі берілген. Бұл біз үшін асқақ абырой, мақтаныш сезімі деп білемін»,- деді велошабандоз.
Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігі мен Түркия Республикасының Велосипед спорты федерациясы белгілі Дамир Көшеевпен бірге Анкара қаласында велотур ұйымдастырып, жобаның маңыздылығын арттыра түсті. Іс-шараға елші Абзал Сапарбекұлы бастаған дипломаттар тобы мен түріктің ұлттық спортшысы Ахмет Ақюрек бастаған бірнеше спортшылар қатысты.