ТҮРКІСТАН: КЕНТАУЛЫҚТАР ҚАЛА КҮНІН АТАП ӨТТІ

Кентау қаласының тұрғындары Қала күнін жоғары деңгейде атап өтті. «Ынтымақ» алаңында өткен дүбірлі мерекеге жиналған тұрғындардың қарасы қалың. Мерекелік іс-шарада елге еңбегі сіңген азаматтарға «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі мен қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Шаһар басшысы көпшілікті құттықтады.
– Облыс орталығы – Түркістанның Кентауға шекаралас болуы үлкен мүмкіндіктер береді. Осы сәтке дейін қала кен өндірумен танылса, енді өндірісі дамыған қалаға айналатын болады. Бүгінде жер көлемі ұлғайған, халық саны артқан Кентаудың ажары ашылып, тындырымды тірліктер атқарылуда. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан барша қала тұрғындарына амандық, отбасыларына бақыт-береке тілеймін, – деді қала басшысы Жандос Тасов.
Соңғы жылдары Кентау қаласында жол құрылысы қарқын алып, көшелердің 70 пайызы асфальтанған. Қалада көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, жаңа он көпқабатты үй тұрғындарға берілген. Биыл қалаға газ қосылып, этап бойынша үйлерге қосу жұмыстары атқарылып жатыр. Қала көшелерін толықтай жарықтандыру жұмыстары қолға алынған.
Салтанатты іс-шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисов пен қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Түнтеков Кентау қаласының тұрғындарын құттықтады.
Қала күнінде тұрғындар танымал әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерін қошеметпен тамашалады. Мерекелік шара соңы отшашуға жалғасты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.