ТҮРКІСТАН: ҚЫЗЫЛША АУРУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН ЕКПЕ САЛДЫРУ ҚАЖЕТ

Жыл басынан бері республикада қызылша ауруымен 11 жағдай тіркелді. Оның төртеуі — 14 жасқа дейінгі екпе қабылдамаған балалар. Түркістан облысында әзірге жағдай тұрақты. Аурудың алдын алу мақсатында жергілікті емханада екпе жасатуға болады. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді.
«Қызылша — ауа-тамшы жолдары арқылы тарайтын инфекция. Көбіне балалар арасында жиі кездеседі. Қызылшаға шалдыққан адамда алғашқы кезеңде дене қызуының көтерілуі, көздің қабынуы, жөтелдің пайда болуы, ауыз қуысының бөртуі сынды белгілері пайда болады. Қызылша аурушаңдығының эпидемиялық маусымы — күз-көктем мезгілдері. Қызылшамен және қызамықпен ауыратын адаммен тығыз байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған адамдарға шұғыл вакцинациялау жүргізіледі», — деді Нұрбек Садықбекұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева қызылша аурының алдын алу жолдарын баяндады.
«Аталған сырқатпен ауырмау үшін қызылшаға қарсы екпе алу керек, сондай-ақ бөлмені жиі желдетіп тұру қажет. Халық көп шоғырланған орындарда бетперде киіп жүрген дұрыс. Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік және бөртпе сияқты аурудың алғашқы симптомдары пайда болған кезде дәрігерге қаралып, дәрігер нұсқауларын орындау ләзім. Ата-аналарға айтарымыз, 17 жасқа дейінгі балаларыңыз қандай да бір себеппен екпе қабылдамаған болса, қызылша ауруының алдын алу үшін екпе алуға шақырамыз! Қызылша ауруы асқынған жағдайда бронхопневмонияға, лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалитке әкелуі мүмкін», — деді Салтанат Өсетілләқызы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.