ТҮРКІСТАН: ЛЕҢГІРДЕ СУ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІНЕН ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

Түркістан облысы, Леңгір қаласында Түркістан облысының су спорты түрлерінен олимпиадалық резервінің мамандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің біріншілігі аяқталды. Сайысқа Түркістан, Кентау қалалары мен Шардара және Төлеби ауданынан спортшылар қатысты.
2007, 2018 және 2009 жылы туылған және одан да жас спортшылар байдарка мен каноэда есу, академиялық есу, желкен спорты, жүзу мен триатлон бойынша жалпы дене дайындығын тексеріп, сынға түсті. 180 спортшы 3000, 2000, 1500 және 1000 метр қашықтыққа жүгірді. Сонымен бірге ұзындыққа секіру, турникке тартылу, зілтемір көтеру және өзге де жаттығу түрлерінен сайысты.
Түркістан облысының су спорты түрлері спорт мектебінің өрендері 2021 жылы республикалық, халықаралық жарыстарда 366 медель еншіледі. Оның 154-і – алтын, 104-і – күміс. Сонымен бірге 108 қола қоржынға түскен. Спорт мектебінің директоры Денис Жәрменовтың айтуынша, осы іріктеуде мықтылық танытқан жасөспірімдер облыс құрамасына қабылданып, ірі сайыстарға қатысады.
Бүгінде Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай ескек есу базасының құрылысы жүріп жатыр. Аталған спорт нысаны іске қосылған соң Түркістанда республикалық, халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік тумақ. Бұл – өңірде су спортының дамуына оң серпін береді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.