ТҮРКІСТАН – МӘДЕНИЕТ ПЕН РУХАНИЯТ ОРДАСЫ
Түркістан – рухани бесігіміз. Құрылыс жұмыстары қарқын алған қалада бүгінде мәдени-рухани шаралар да ұдайы ұйымдастырылуда. Яғни қаланың рухани саласын дамыту назардан тыс қалып отырған жоқ.
Мәселен бір-екі ай бұрын қалаға Рухани керуен сапарымен келіп, Алматы облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген келелі кездесуде қонақтар мен Түркістан жұртшылығы пікір алмасып, өз ойларымен бөліскен еді.
Осы тағылымды кеште облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев:
«Елдік жобаның Түркі халықтарының киелі мекені – Түркістан өңіріне табан тіреуі бұл рухани сапардың мәнін айшықтағандай. Жетісу өңіріне қарасты шекара аймақтарын аралаған «Рухани керуен» ІІІ кезеңінің сапары Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, әріптестік байланысты нығайту, діннің асыл құндылықтарын, ұлттық, мәдени салт-дәстүрімізді жан-жақты дәріптейді. Сол себепті, ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар еліміздің қасиетті ұғымын ұлықтау әрбір азаматтың парызы деп білемін», — деді.
Кездесу нәтижесінде қос облыстың дін істері басқармалары арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылып, халқымыздың рухани мәдениетін, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын дәріптеу қолға алынып, кездесу соңында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясынан келген әншілердің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылған болатын.
Ал таяуда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы бұл бастама өз жалғасын тауып, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен ҚМДБ Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Түркістанның рухани керуені» аясындағы кездесулер өңіріміздің барлық аудандарында ұйымдастырыла бастады. Өңірімізден шыққан елімізге танымал өнер жұлдыздарын, спорт шеберлері мен дін өкілдерін халықпен жүздестіріп, жастардың патриоттық сезімдерін ояту, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, ұлттық рухани құндылықтарымызды насихаттауды көздейтін бұл емен-жарқын жүздесулер «Түркістанның рухани керуені» деген атпен облысымыздың барлық аудан, қалаларында өтті. Айталық, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы А.Таңатаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші С.Медеуов және Жетісай ауданының бас имамы Б.Сыздықов Сарыағаш пен Келес ауданы тұрғындарымен кездессе, эстрада жұлдызы Е.Нұржанов, армрестлинг спортынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Қ.Оңғарбаев және Төле би ауданының бас имамы С.Анарбаев Сайрам мен Түлкібас аудандары тұрғындарымен бас қосты. Бәйдібек пен Созақ ауданына сапар шеккен Қазақ күресінің шебері Ж.Ерсұлтанов, Сайрам ауданы Бәйдібек ата мешітінің имамы А.Оспанов жергілікті тұрғындармен кездесіп, тағылымы мол әңгімелер айтылды. Мұнан бөлек армрестлинг спортынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы М.Шамиев пен Түркістан облысының бас имамы А.Мұсабек Мақтаарал мен Жетісай тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шекбері М.Ділдабеков, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігінің Жастар ісі секторының жетекшісі Қ.Дәрібаев Ордабасы мен Отырар ауданы тұрғындарымен, боксшы, әлем чемпионы Б.Жақыпов және Сайрам ауданының бас имамы С.Темірбек Төле би мен Қазығұрт жұртшылығымен жүздесіп, ашық әңгіме жүргізді. Одан бөлек самбодан үш дүркін әлем чемпионы А.Оспанов пен Түлкібас ауданының бас имамы С.Мағаз Арыс пен Шардара аудандарына, каратэ додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Н.Ақпанбет және Бәйдібек ауданының бас имамы Ұ.Алиакбарұлы Кентау қаласында болып, келелі кеңес өткізді. Елімізге танымал өнер жұлдыздары мен спорт шеберлері осылайша Түркістанның рухани керуенінің көшін бастап облысымыздың барлық аудан, қалаларын аралап шықты. Кездесу барысында жергілікті жастар өз ойларындағы сұрақтарын қойып, сұхбат еркін форматта өрбіді. «Түркістанның рухани керуені» кездесуі Түркістан қаласының ХҚТУ-дың мәдениет сарайында қорытындыланды.
Руханиятын бәрінен биік қойған елдің болашағы зор. Жаңару мен жаңғыру жолына түскен тарихи шаһардағы, өндірісті өңірдегі рухани шаралар көптің көкейінен шығып-ақ жатыр. Яғни экономикалық әлеуетімізбен қатар рухани саламыз да еңсесін тіктеп, мейлінше дамып келеді.
Өйткені мемлекеттік қолдаудан шет қалмаған мәдениетіміз бен өнерімізде бүгінде қайта түлеу байқалады. Қорыта айтқанда, түлеген, түрленген Түркістанның руханият ордасына айналып келе жатқаны күмәнсіз.
Ұ.Өскен.