ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНА БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗІЛДІ   

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай Мақтаарал ауданына арнайы сапары барысында «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қажымұқан» атындағы орталық стадионға арнайы барып, жүргізіліп жатқан қайта құру құрылыс жұмыстарының бүгінгі жәй-күйімен танысты.
Ағымдағы жылдың қараша айының соңында пайдалануға берілетін  нысанда, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.  Республикалық және облыстық бюджеттің есебінен қарастырылған  орталық стадионның бүгінде орындық орнату, әкімшілік ғимаратының ішкі және сыртқы аймақтарын әрлеу және алаңды абаттандыру жұмыстары өз соңына жеткен.
Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуін бақылаған Мирас Асқарбайұлы  орталық стадионның мүмкіншіліктерімен танысып, бірнеше апта көлемінде халық игілігіне берілетін нысанның құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді.
Сондай-ақ, арнайы сапары барысында 14 мыңнан аса тұрғыны бар Мырзакент кентінде пайдалануға берілген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, тірек пунктін  аралап,  пайдалануға берілген нысандардың  сапасы мен қауіпсіздігін бақылады.
Айта кетсек, бүгінгі күні Мырзакент кентінің жаңа мөлтек ауданында 31 мердігер мекеме жалпы саны 386 тұрғын тұрғын-үй құрылысын жүргізіп, 738 адамды жұмыспен қамтыған.  Ағымдағы жылдың мамыр айында басталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қазан айында толықтай аяқталып, бой көтерген  басапаналар  ел игілігіне  берілуде.
70 га жер телімін құрайтын   жаңа мөлтек ауданның әлеуметтік нысандарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапа деңгейіне көз жеткізген Департамент басшысының бірінші орынбасары мердігер мекеме басшыларына сапаға айрықша басымдық беру қажеттігін атап өтіп, талапқа сәйкес салынуы алдағы уақытта да бақылауда болатындығын жеткізді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.