ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҚ ШАРУА ТАМШЫЛАТЫП СУҒАРУДЫҢ АРҚАСЫНДА 400 ЦЕНТНЕРДЕН ӨНІМ АЛДЫ
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында «Весна» шаруа қожалығы гектарына 400 центнерден өнім алуда. Қазіргі таңда аудандағы рекордтық көрсеткіш осы. Ол мұндай жетістікке тамшылатып суғару технологиясы арқылы қол жеткізген. Бұл туралы қожалық басшысы Батыр Хайдаров аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңесте мәлімдеді.
«Весна» шаруа қожалығының тәжірибесін басқаларға үйрету мақсатында өткен семинар-кеңеске аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мамандары, ауылдық округ әкімдері мен орынбасарлары, ауылдық округ әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы бойынша мамандары және шаруа қожалықтары қатысты.
Б.Хайдаров 6,6 гектар жерге қырыққабат дақылының бірнеше сортын еккен. Оның ішінде «Пекин» сорты ерте пісіп шыққан. Қазргі таңда 2 гектардан 85 тонна өнім алып, барлығын да Ресей Федерациясына экспорттаған. Тамшылатып суғару технологиясын пайдаланған қожалық басшысы үлкен пайдаға кенеліп отыр.
«Тамшылатып суғару технологиясын ендіру үшін гектарына 1 млн. теңгеге жуық шығын жұмсадым. Соның арқасында еккен егінім бітік әрі өнімді болып, ерте пісіп жетілді. Қазір қырыққабаттың келісін 120 теңгеден теңгеден саудалап жатырмын», – деді Б.Хайдаров.
Айта кетейік, биыл Мақтаарал ауданында 281 гектар жерге қырыққабат дақылы егілген. Қазіргі таңда ерте пісіп жетілетін дақылдан 260 тонна өнім жиналған.